Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 411.66
EUR 465.92
RUB 5.81
CNY 58.79

Алматыда қисайған үйді қалпына келтіру қашан аяқталады

2020 жылдың 21 мамыр 2020 18:45

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Зерделі-6 шағынауданындағы № 1/179 үйді қалпына келтіру жұмыстары 9 маусымда аяқталады. Бұл туралы «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу және жобалау институты» АҚ басқарушы директоры Ералы Шоқбаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қисайған үйді жөндеу 4 кезеңмен жүргізілген.

«Қалпына келтіру жұмыстары ақпанда басталды. Қазір соңғы кезең – үйді нығайту, тіктеу жұмыстары аяқталды. Бірінші кезеңде үйді айнала іргетастың деңгейінен төмен фильтрге қарсы экран орнатылды. Екінші кезеңде бір қатарда тұрған № 179, 178, 177 үйлердің арасын бөлетін экран орнатылды. Үшінші кезеңде үйдің қисайған жағына қарама-қарсы тұсынан топырақ алынып, үйдің қабырғасы тіктелді. Гидравликалық бақылауларға сәйкес үйдің вертикалды негізі тіктелді. Төртінші кезеңде үйдің іргетас тақтасына байланыстыра отырып, үй периметрі бойынша қадалар орнатылды. Қазір үй түбіне су кетпес үшін топырақ алынған тұстар толтырылып жатыр», - деді Ералы Шоқбаров.

Осылайша, қалпына келтіру жұмыстарын 9 маусымда аяқтау көзделіп отыр.

Еске салайық, Алматыда Зерделі шағынауданында көпқабатты үйдің қабырғасы бір жағына қисая бастаған соң тұрғындар дабыл қаққан болатын.

2019 жылдың соңғы айларында басталған үйдің негізі мен тірек конструкцияларын жүйелі түрде зерттеу, ғимараттың күн сайынғы қисаюын өлшеу және оның мүмкін болатын серпінін қадағалау ҚазҚСҒЗИ зертханасының мамандарына осы үйде тұру қауіпсіздігіне қатысты алдын ала қорытынды беруге мүмкіндік берді.

Мамандардың мәліметі бойынша, қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін үй одан әрі пайдалануға жарамды болады.

Қазір барлық тұрғындар қала әкімшілігі есебінен жалға берілетін баспанамен қамтамасыз етілген. Балаларын балабақшалар мен басқа да білім беру мекемелеріне орналастыруға көмек көрсетілді.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев есепті кездесуінде аталмыш шағынаудан тұрғындарының сауалына жауап берген болатын.


Автор Гүлмира Ғосманәли
Басты сөздер: Аймақ, Алматы, Құрылыс,
Жоғары қарай