Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда басқарудың бірыңғай жүйесі іске қосылады

2021 жылдың 16 сәуір 2021 09:27

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен қаланың іскерлік кеңесінің шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің отырысы онлайн форматта өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында Б. Сағынтаев комитет төрағасы Райымбек Баталов таныстырған «Басқарудың бірыңғай жүйесі» жобасын іске асыру жөніндегі әдістерді мақұлдады. Бұл толық автоматтандырылған ақпараттық-коммуникациялық жүйе, халық пен бизнестің атқару органдарымен іс-қимылын реттеуге бағытталған.

«Басқарудың бірыңғай жүйесі» неден құралған?

Интерактивті коммуникация. Азаматтар мен бизнестің өтінімдері түрлі арналар арқылы (әлеуметтік желілер, сайттар, телефон, хаттар, жеке өтінім) мәліметтердің бірыңғай базасында жинақталады, орындаушыларға бөлінеді, мәселелер шешілген соң кері байланыс ретінде өтінімнің нәтижесі көрсетіледі.

Мұндай әдіс орындаушылардың бір-бірін қайталауын жоюға көмектеседі және өтінішке немқұрай қарамауға мүмкіндік береді. Жүйенің алдыңғы ақпараттық жүйесі атқарушы билік құрылымдарының жұмысын қоғамдық бақылауға ықпал етеді.

Модернизация. ШОБ 2.0. бизнестің қажеттілігіне терең сараптама жасау және проблемаларды шешудің жолдарын бизнестің белсенді қатысуымен іздеу.

Басқарудың бірыңғай жүйесінің маңызды бөлігі – ШОБ-тің ағымдағы жағдайына сараптама жасау, кәсіпкерлердің қажеттілігін анықтау, әлеуеттік салаларға қолдау көрсету үшін әкімдікке ұсыныс беру және өсім нүктелерін анықтау. Жүйелі әдіс қала кәсіпкерлігінің интерактивті картасын құруға, салаларын «драйверлерін» анықтауға, терең сараптама жасауға, аудан әкімдерінің бизнесті қолдау үшін KPI қоюға ықпал етеді.

Жоба аясында кәсіпкерлерді автоматтандыру мен басқарудың заманауи цифрлы тетіктерін пайдалануға үйрететін жоба іске қосылады.

Басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу қалалықтарға не береді:

- Тұрғындарға және бизнеске қызмет көрсетудің ашық үдерісі.

- Мәліметтерді бір жүйеге жинау тұрғындар мен кәсіпкерлердің нақты қажеттіліктерін талдауға, қала қызметтерінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

- Оңтайландыру және бірыңғай жүйені енгізу арқылы әкімдіктің ішкі процестерін жеделдетеді және тиімділігін арттырады.

- Мердігерлердің, ведомстволық ұйымдардың және басқалардың үдерістерін жоспарлауға және ресурстарды бөлуге жол ашады.

- Тұрғындар мен бизнестің сенімі артады.

- Бизнес тұрақтанып, тауар айналымы мен жалдамалы қызметкерлер легализацияланады.

«Басқарудың бірыңғай жүйесін» іске қосу 2021 жылдың мамырына жоспарланған.

Бұдан өзге, іскерлік кеңес комитетінің отырысында бизнесті мемқолдау шаралары бойынша пилотты жоба қаралды. Бұл ақпараттық жоба, оның аясында мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәліметтер бір терезеде жинақталады, бұл қала кәсіпкерлерінің қолжетімділігін арттырады. Сервистің жұмысы мынадай:

1. кәсіпкер msb.kz сайтында компанияның БИН-ін немесе ЖИН-ді көрсетеді, егер жеке кәсіпкер болса;

2. сервис мәліметтерді тексереді және кәсіпкер қатыса алатын қолдау бағдарламаларын көрсетеді;

3. кәсіпкер өзі қалаған бағдарламаны таңдайды және тікелей msb.kz сайтында кеңес алуға қатысу үшін өтінішін жібереді;

4. кәсіпкермен таңдалған бағдарламаның әкімгері (админстратор) немесе несие беруші (кредитор) байланысқа шығады және оған тіркелуге көмектеседі.

Жоба әзірге тек Алматы қаласының кәсіпкерлері үшін жұмыс істейді және қолдаудың 14 бағдарламасын қамтиды.

Өтініштерді жіберуге 3 минут қана кетеді. Мемлекеттік қолдау шараларын таңдау сервисі Алматыда пилоттық режимде msb.kz сайтында іске қосылады. Пилоттық режимде алғашқы 1000 кәсіпкер мемлекеттік қолдау шараларына жүгіне алады.


Жоғары қарай