Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда алғаш рет ерекше балаларға арналған спорт үйірмелері ашылды

2020 жылдың 17 қазан 2020 12:52

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласында «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасының аясында мүмкіндігі шекетулі балаларға арналған спорт үйірмелері ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың жыл бойы спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау және Қазақстанда бейімдік спорт түрлерін дамыту.

«Алматы Арена» кешенінде жүзу мен «бочча» үйірмесі ашылды. Сонымен қатар, «Сарбаз» әскери-патриоттық клубында балалар каратэ үйірмесіне қатыса алады, ал тірек-қозғалыс аппараты зақымдалған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Бейімді футбол» үйірмесі №2 мектеп-интернатта ашылды.

Биыл бұл жобаға 70-тен аса даму ерекшелігі бар балалар қатысады. Жобаның негізін қалаушылар – «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры спортшылар мен үйірмелер саны көбейеді деп сендіріп отыр.




«Өкінішке қарай, Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша мүмкіндігі шектеулі балалар саны артып келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың дене шынықтыру мен спорт түрлеріне бірдей қатыса алуы – елдің даму деңгейінің көрсеткіші. Біздің жобамыздың алға қойға мақсаты - бала кезінен спортқа қатысу арқылы ерекше балалардың болашақта отбасын құрып, жұмысқа бейімделіп, қоғамымызға үлес қосуына мүмкіндік беретін, бойында жеке-дара тұлғалық қасиеті мен өз құндылығын арттыру», - дейді «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының негізін қалаушы Нұргүл Ұлжекова.

Оның айтуынша, дәл осындай үйірмелер Павлодар, Шымкент, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында ашылды. Жобаға қатысушылар жан-жағынан, физикалық даму тұрғысында, ойлау қабілеті мен сезім жағынан жақсы нәтиже көрсетуде. Жарыстарға қатысып, қалалық және халықаралық турнирлерде жүлделі орындарды иеленіп жүр.




«Менің есімім Зәуре, көпбалалы анамын, 12 жасар ерекше қызым бар, аты Іңкәр. Інкәр егіздің сыңары, ол туғаннан осы дертке душар болды. Бұл балалардың қозғалу қабілеті шектеулі болғанымен, олардың жан дүниесі шексіз емес пе. Оларды қоғам ағымынан шет қалдырмай,ерекше балаларға арналған бейімдік спорт үйірмелері ашылып, спортпен шұғылдануына жағдай жасалғаны өте қажет іс шара деп ойлаймын. Осы үйірмелерге қатысу арқылы баланың өз өзіне деген сенімділігі артып, өмірге деген көзқарастары өзгереді, тіпті бала өзін бақытты сезінеді деп ойлаймын»,– дейді қуанышын бөліскен ата-ана.





Жоғары қарай