Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда ағаштардың жаппай кесілу оқиғасына қатысты күдікті анықталды

2020 жылдың 25 қараша 2020 19:43

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Төле би көшесіндегі сауда үйінің алдындағы сирек кездесетін ағаштарды кесіп тастаған күдікті анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сарапшы мамандар кесілген ағаштардың Қазақстанның Қызыл кітабына енген емен ағашы екенін анықтады. Бұл, ағаштардың сирек кездесетін және азайып бара жатқан түрі, ерекше өсімдік. Ол жойылып кетудің алдында тұр», - деді онлайн брифинг барысында Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасының бастығы Наталья Ливинская.

Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахмановтың айтуынша, бұған дейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы бойынша жүргізілсе, енді ол 339-баптың 2-бөлігіне (сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдік түрлерін заңсыз құрту) ауыстырылды.

«Біз бұл қылмысқа қатысы бар барлық адамдарды анықтаймыз. Басты күдікті анықталды. Ол Алматы қаласының тұрғыны. Ол - аумақты абаттандыру бойынша келісімшартқа отырған және 10 жұмысшы жалдаған ЖК басшысы. 11 ағаш заңсыз оталған, оның 9-ы Қызыл кітапқа енген. Қазір бірқатар сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Тергеуші барлық уәкілетті органдарға тиісті сураулар жолдады. Қылмыстық іс тергеу сатысында», - деді Рустам Әбдірахманов.

Сонымен қатар, ол Sulpak компаниясының да жауапкершілігі қарастырылып жатқанын атап өтті. Өйткені аумақты абаттандыру бойынша келісімшарт осы компаниямен жасалған.

Еске сала кетсек, 23 қарашаға қараған түні Алматыда сауда үйінің жанында (Әуезов-Төле би көшелерінің қиылысы) жайқалған емен мен қарағаш оталды. Бұған қатысты тұрғындар әлеуметтік желіде наразылық білдірді.

Кейін Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасы сауда үйінің алдындағы ағаштардың жаппай кесілуінің мән-жайын анықтады.

Бұл жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа қызметтік тексеру жүргізуді, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.

24 қараша күні Б.Сағынтаев мәселені өз бақылауына алғанын мәлім етті.

Алматы прокуратурасы заңсыз ағаш кесу фактісі бойынша тергеу жүргізуде.

Ал бүгін Алматы қаласында тағы бірнеше ағаш заңсыз кесілгені анықталды.


Жоғары қарай