Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда 725 адамның 180 мың долларын қалтаға басқан алаяқ әйел ұсталды

2020 жылдың 20 қараша 2020 18:21

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық полиция департаменті мәлім еткендей, күдікті азаматша биржалық саудамен айналысатын жалған компаниялар мен сайттар жасаған. Қазіргі таңда оның қылмыстық әрекетінен зардап шеккен 725 адам анықталды.

«Күдікті қаржылық сауатты арттыру бойынша семинарлар өткізіп, онда өз аудиториясын ақшаны қазіргі уақытта пайдалы акцияларда сақтау керек деп сендірген. Ол мұндай әрекетімен іс жүзінде ұзақ уақыт айналысқан адам ретінде әдемі және сауатты айтқандықтан, келушілер оған сенген. Алданған азаматтарға ол акционер болуды және биржалық саудалық активтерге инвестициялау арқылы ақшаларын көбейтуді ұсынған. Жоспар бойынша салымшылар салынған қаражаттан 40% пайда алуы керек болатын. Идеяны жүзеге асыруға виртуалды платформа қажет болған және ол үшін «инвесторларға» логин мен пароль беріліп, электронды әмиян тіркелген «itrade» сайты қолданылған. Олар іс жүзінде өздері салған қаражаттың және алынған кірістің сомасын көргенімен, бұл тек монитордағы сандар ғана еді. Инвестиция белсенді «қаржыгердің» қалтасына түскен»,- деді Алматы қалалық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Мұхамедәлі Сейсенұлы.

Тергеу барысында азаматтардың инвестиция ретінде 500-ден 30 мың АҚШ долларына дейін салғаны анықталды.

Салымшылардың ешқайсысы уәде етілген ақшасын алмаған.

Қаржылық сауатты үйретіп жүрген азаматша бастапқыда алынған ақшаны төлеуді және қайтаруды жоспарламаған.

Мұхамедәлі Сейсенұлының айтуынша, оның қылмыстық әрекетінен 2019 жылдың қаңтарынан бастап жалпы сомасы 180 мың АҚШ долларынан астам материалдық шығын келтірілген

«Іс жүзінде зардап шеккен азаматтардың саны әлдеқайда көп болуы, келген шығын мөлшері бұдан да жоғары болуы ықтимал. Күдікті сайтта жоғары кірісті пайда тапқысы келетін азаматтарды белсенді пайдаланған. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұрын осыған ұқсас қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, 1974 жылы туған азаматша Алматы қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды», – дейді Мұхамедәлі Сейсенұлы.


Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Оқиға, Заң, Алматы,
Жоғары қарай