Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматыда 2 миллионнан астам адам халық санағынан өтті

2021 жылдың 29 қазан 2021 13:43

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Ұлттық статистика бюросы Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде 2021 жылғы халық санағының алғашқы нәтижесі жайлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде санақ бойынша халықты кеңінен қамту Алматы қаласында тіркелген. Санақтан өткен тұрғындарды тіркеу бойынша біздің қала өңірлер арасында бірінші орында. 2 188 603 респондент сұралды, бұл халықтың 109,1 пайызы», – деді спикер.

Ұлттық статистика бюросы сайтының дерегі бойынша, осы жылдың 1 тамызына дейін мегаполисте 2 005 496 адам тұрақты тіркелген.

Онлайн-санақ пен сауаланаманың аралық қорытындысы бойынша интервьюерлер қазіргі уақытта Алматы халқының саны артқанын көрсетті.

«Санақ ел халқының нақты санын, оның құрамы мен өмір сүру жағдайы туралы ақпаратты білуге мүмкіндік береді. Оларды талдау нәтижесі бойынша «халықтың сапасы» туралы айтуға болады. Санақтың негізгі мәні – әр адам ескерілуі керек. Өмірлік шешімдер осыған байланысты. Мысалы, жаңа емханаларды, мектептерді қайда ашу керек, көлік инфрақұрылымы мәселесі шешіледі. Демографиялық статистиканы коммерциялық компаниялар да пайдаланады», - дейді Айдар Әбілдабеков.

Сонымен қатар, ол 15 қазандағы онлайн санақ аяқталған сәттен бастап тұрғындардан онлайн сауалнама функциясын жаңарту туралы көптеген өтініш түсе бастағанын атап өтті.

Осыған байланысты сайтта онлайн-режимде 21 қазаннан бастап sanaq.gov.kz платформасының санақ жүргізу функциясын жаңарту туралы шешім қабылданған.

Сауалнаманы бұрынғыдай мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында толтыруға болады.

Ол е-Gov порталы және Aitu мобильді қосымшасы арқылы авторизацияланды. Онлайн өту функциясы халық санағының соңына дейін қолжетімді болады.

«Қала 327 нұсқаушы және 2 287 есептік учаскеге бөлінген. Әрбір есеп учаскесі бір интервьюерге бекітілген. Тұрғындарды тек онлайн-санақпен қамту бойынша М. Әуезов ауданы көш бастап тұр – 41,79%. Ал, Бостандық ауданында онлайн-санақпен қамту деңгейі өте төмен – 24,09%. Екінші формат – офлайн-санақ бойынша өз аудандарының 80%-дан астамын қамтыған Наурызбай, Жетісу, Алатау, Түрксіб аудандары көш бастап тұр», - деді ол.

Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы қала тұрғындарына белсенділік танытқандары үшін алғыс айтып, санақтан өтпеген адамдарды онжылдықтың аса маңызды іс-шарасына қатысуға шақырды.

«Егер үйіңізге санақ жүргізуші келе алмаса, онда сіз онлайн форматта санақтан өте аласыз немесе «1446» Call-орталығына қоңырау шалып, өзіңізге интервьюерді шақыра аласыз. Халық санағында әр адам қамтылса, сәтті өтті деп саналады. Бұл біздің еліміздің бүкіл халқын қамтығанымызды білдіреді», - деді Айдар Әбілдабеков.


Жоғары қарай