Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы ЖЭО-2 газға ауыстыруға қанша қаражат керек

2020 жылдың 30 қазан 2020 16:38

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы ЖЭО-2 стансасы көмірден газға толығымен 2025 жылы көшеді. Көгілдір отынмен жанатын бірінші қазандықтар 2023 жылы шыға бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоба құны шамамен 98 млрд теңге болмақ. Бүгін өткен қоғамдық талқылау барысында осы жайында айтылды.

«Алматыда экология мәселесі өзекті. Қаланың экологиясына әсер ететін факторлардың ең бастысы - осы ЖЭО-2 бөлетін қалдықтар. Бір жағынан бұл - қаладағы ең үлкен жылу көзі, ғимараттардың 50 пайыздан астамына осы орталықтан жылу беріледі», - деді «Алматы электростансалары» АҚ басқарма төрағасының орынбасары және бас инженері Ғазий Исмұхамбетов.

Оның айтуынша, орталықты модернизациялаудың 4 жолы бар.

Институт ұсынған есептеулердің нәтижесінде бірінші нұқса қабылданды. Яғни, көмірмен жұмыс істейтін қазандықтар газға ауыстырылатын болды. Келісім шартқа сәйкес жыл соңына дейін институт техникалық экономикалық құжаттама өткізеді.

«Биыл біз мемлекеттік сараптамаға техникалық экономикалық құжаттама өткізіп жатырмыз. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталады. Сол кезде біз қазандық агрегаттарын тұрғындарды жылудан ажыратпай-ақ біртіндеп көшіре аламыз. Әр қазандықты көшіруге жарты жыл уақыт кетеді. Толық жұмыс 2025 жылы аяқталады. Жоба құны - 98 млрд теңге», - деді спикер.

Газий Исмұхамбетов ЖЭО-2 газға көшкен жағдайда жылу тарифі көтерілетінін айтты.

«Тариф бойынша Самұрық Қазына қоры мен Үкімет, Алматы әкімдігі қаржыландыру мәселесін шешіп жатыр. Еуразиялық қайта құру банкі, басқа да банктермен келіссөздер жүріп жатыр. Осы талқылаулардан соң ғана нақты санды айта аламыз», - деді ол.

«КазНИПИЭнергопром» АҚ бас инженері Максим Васильевтің айтуынша, 98 млрд теңге алдын ала есептеу бойынша шығарылған сома. Бұл сома жобаны жүзеге асыру барысында өзгеретін болады.

Оның айтуынша, реконстуркциялық жұмыстардан соң ауаға шығарылатын зиянды қоспалар 5,5 есе кемиді. Әсіресе, көмірден шығатын күкірт диоксиді азаяды.

«Қазір ауа бассейніне шығатын қоспалар жылына 38 мың тонна болса, біздің есебіміз бойынша 6 мың тоннаға азаяды», - деді Максим Васильев.


Автор Гүлмира Ғосманәли
Басты сөздер: Алматы, Экология, Газ,
Жоғары қарай