Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

Алматы тауларында төрт турист құтқарылды

2020 жылдың 30 мамыр 2020 13:51

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыға жақын маңдағы Батарейка өзенінің шатқалында қалып қойған төрт турист құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 29 мамыр күні жоғалған туристер туралы ақпаратты Көкжайлауға бара жатқан ер адам жеткізген. Оның айтуынша, Мохнатка тауының сол жақ беткейінде екі адам өздеріне назар аудартып, қиын жағдайға тап болғандары туралы белгі берген.

Республикалық жедел құтқару жасағының жедел тобы иісшіл ит ертіп, жоғалғандарды іздеуге аттанды. Құтқарушылардың кәсіби шеберлігінің арқасында зардап шеккендер тез табылды.

«Белгілі болғандай, екі ер адам Батарейка өзенінің бойымен сарқырамаға бет алған. Алайда, осы өзеннің шатқалында 2011 жылы болған қатты дауылдың салдары әлі де сақталған. Құлаған ағаштар туристердің діттеген жерге жетуіне кедергі келтірген. Қауіпті жолда жігіттердің бірі аяғын жарақаттап алған. Ол өз бетімен қозғала алмады. Жандарынан өтіп бара жатқан қыз бен жігіт көмекке келіп, құтқарушыларды бірге күтуге бел буған»,– делінген хабарламада.





Құтқарушылар ең алдымен, аяғы жараланған жігітке алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны төменде күтіп түрған медицина мамандарына тапсырды. Қалған туристер де қауіпсіз жол арқылы төменге түсірілді.












Жоғары қарай