Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы соты Мұхтар Әбілязовтің сыбайласына үкім шығарды

2020 жылдың 20 қазан 2020 19:03

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биылғы 15 қазанда Алматы қаласы Медеу аудандық № 2 сотында Мұхтар Әбілязовтің қылмыстық қоғамдастықтағы тағы бір сыбайласы, Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадицияланған Ибрагимов Рүстем Шамильевичке қатысты айыптау үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім еткендей, Р.Ибрагимов 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 3 жылға банк ұйымдарында кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салынды.

«Ибрагимов «БТА Банкі «АҚ №2 Корпоративтік бизнесті несиелік талдау департаментінің директоры, несиелеу жөніндегі басқарушы директор лауазымдарын атқарды және бас банктің несиелік комитетінің мүшесі болды.

Ол қылмыстық қоғамдастықтың басшысы Мұхтар Әбілязовтің бақылауындағы компанияларға несие беру туралы заңсыз оң шешімдер қабылдауға жәрдемдесті.

Бастапқыда Ибрагимов өз кінәсін мойындап, тергеуге көмектесті және ешқайда кетпеу және дұрыс мінез-құлық туралы қолхат берді, бірақ қылмыстық қоғамдастық басшыларының ықпалымен жасырынуға шешім қабылдады.

Нәтижесінде, 2010 жылдан бастап Ибрагимов қамауға алу бұлтартпау шарасымен халықаралық іздеуде болды. Ол Қырғызстан азаматының жалған құжаттарымен жасырынып жүрді», - делінген агенттік ақпаратында.

Анықталғандай, Ибрагимов 2017 жылғы желтоқсанда БАӘ құқық қорғау органдарына ұсталғаннан кейін, ол өзін Қырғызстан азаматы - Рустам Мұхтаров ретінде таныстыруды жалғастырып, Қазақстанның резиденттігін жоққа шығарды.

Тергеу органы 2 жылдан астам уақыт бойы Рустам Мұхтаровтың атына жазылған құжаттардың жалған екенін, оның Қазақстан азаматы болып табылатынын дәлелдеп, оны Рүстем Ибрагимов ретінде тану туралы шаралар қабылданған.

«Ол үшін Қазақстан, Қырғызстан және БАӘ құқық қорғау органдары жұмылдырылды.

Нәтижесінде, БАӘ Әділет министрлігі қазақстандық тарап ұсынған барлық дәлелдерді зерделеп, Ибрагимовтың құжаттары мен айғақтарының жалғандығына көз жеткізді және оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстан Республикасына беру туралы шешім қабылдады.

Биыл 4 наурызда Ибрагимов Қазақстанға қайтарылды.

Әбілязовтің өзін қоса алғанда, халықаралық іздеуде жүрген 16 күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Іздеудегі бірнеше адам тікелей немесе өздерінің жақын туыстары арқылы Қазақстанға өз еркімен оралуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Олардың келуіне жәрдемдесу және бұрын таңдалған жолын кесу шараларын жеңілдету бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.

Шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл тек күдікті тұлғаларды іздестіру, ұстау және экстрадициялау бойынша ғана жүзеге асырылмайды.

Осы ретте, қазақстандық тарап бастамашылық еткен халықаралық тергеу тапсырмаларының негізінде Еуропалық Одақтың бірқатар елдері мен басқа юрисдикциялардың құқық қорғау органдары Әбілязов пен оның сыбайластарына қарсы өз тергеулерін бастады.

Осы өндірістер аясында тығыз халықаралық-құқықтық ынтымақтастық жүзеге асырылуда», - деді агенттіктен.


Жоғары қарай