Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

Алматы полицейлері жолда толғағы басталған әйелді перзентханаға  жеткізді

2019 жылдың 28 қазан 2019 20:53

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда патрульдік полиция қызметкерлері, толғағы келген жүкті келіншекті перзентханаға жеткізді,хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 26 қазан күні қаланың орталық көшелерінің бірінде болған.

«Менің әріптесім, полиция аға лейтенанты Әбдібақыт Әлімбетов екеуміз экипаж құрамындағы қызметте болдық. Әл-Фараби даңғылы мен Мендіқұлов көшесінің қиылысында бізге бір жолаушы жолықты. Ол келінінің толғағы ұстағанын айтып шұғыл түрде перзентаханаға жетулеріне көмектесуді өтінді. Біз бірден, басқа экипаждағы әріптестерімізді шақыртып, қызметтік көліктің дабылын қосып жүкті келіншекті бірнеше минутта перзентханаға жеткіздік. Біз олар перзентхананың қабылдау бөліміне кіргеннен кейін ғана жұмысымызға оралдық», - деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының мамандандырылған батальонының бас инспекторы, полиция капитаны Данияр Әбдісәлімов.




Көп ұзамай көмек көрсеткен әйелдің қызды болғанын полиция әлеуметтік желілерден білді. Жаңа босанған келіншектің тәтесі патруль қызметкерлеріне арнап алғыс пост жазды.

«Адам қалай дайындалса да, өмірде күтпеген жағдайларға тап болады. Біз сондай жағдайды басымыздан өткердік. Біз перзентханаға шыққанбыз, алайда әл-Фараби көшесінің бойында көлік кептелісінде тұрып қалдық. Жолдан полиция көлігін көріп, көмек сұрадық. Олар бізге шұғыл көмекке келді. Дабылды іске қосып, арттарынан жүріп отыруларын сұрады. Бір қарасақ артымызда тағы бір полиция көлігі пайда болды. Содан кейін санаулы минутта біз перзентханаға жеттік. Шамасы, бізді сол жерде күткен болу керек, қақпаны ашып қойыпты. Дәл сол уақытта мен жігіттерге алғыс айта алмадым, сондықтан олардың адамгершілік қасиеттерін айтып желіде бөлісуді жөн көрдім. Сіздерге үлкен рахмет! »- деп жазды жаңа босанған келіншектің қайын әпкесі Гүлмира Сүлейменова.




Бүгін тәртіп сақшылары перзентханада жатқан жас анаға барды. Бұл Айнұр Мырзатаеваның тұңғышы екен. Дүниеге Жансая есімді қыз келіпті.




«Бұны ешқандай ерлік деп санамаймын. Мұндай адамгершілікті менің кез келген әріптесім жасар еді. Біз жай ғана көмектестік. Сәби мен анасына мықты денсаулық тілейміз. Бұл ата-ана үшін үлкен бақыт. Менің де төрт балам бар. Бұйырса, бір айдан кейін бесінші балам дүниеге келеді», - деп сзін түйіндеді капитан Д.Әбдісәлімов.




Жоғары қарай