Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

«Алматы-Өскемен» трассасында жолаушылар автобусының жанармайы қатып, жолда қалды

2019 жылдың 23 қараша 2019 13:49

ӨСКЕМЕН.ҚазАқпарат – Алматының Үшарал қаласынан Өскеменге келе жатқан жолаушылар автобусының жанармайы қатып, жолда қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Автобус жүргізушісі ауа райы жағдайын ескермей, жаздық жанармаймен жолға шығып кеткен. Көлікте ересектермен бірге бес бала болған. Осы кезде «Алматы-Өскемен» автожолында кезекті алдын алу шарасы шеңберінде жүргізушілерден сауалнама алып жүрген тәртіп сақшылары жолаушылар автобусына кездейсоқ жолыққан.

«22 қараша күні тасжолдың 1022-шақырымында автобус тоқтап қалған. Өйткені көлікке жазғы жанармай құйылған. Жүргізуші ауа райы жағдайын ескермеген. Үшаралда ауа температурасы + 4°C болған кезде, ШҚО-да -36 градусты көрсетіп тұрған. Салонда 16 жолаушы, оның ішінде 5 бала болған», – деп мәлім етті ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Тәртіп сақшылары дереу іске көшкен. Жолшыбай көліктерді тоқтатып, бос орындарға жолаушыларды отырғызып жіберген. Автобуста алты жолаушы қалған кезде Өскеменнен көмек те келіп жеткен.

Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, зардап шеккендер жоқ.

Жоғары қарай