Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Алматы облысының кейбір аудандарында карантин күшейтілді

2020 жылдың 19 мамыр 2020 09:12

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Эпидемиологиялық жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты Кеген, Талғар аудандарында, сондай-ақ Талдықорған қаласында карантин режимі күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы «Jetisy media» ақпараттық алаңында Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ хабарлады. Оның айтуынша, індет жұқтыруға қатысты жағдайлардың тіркелуі осы өңірлерде анықталған. Осыған сәйкес, сақтық шаралары қайтадан күшейтіліп отыр.

«Бүгінгі таңда Алматы облысында коронавируспен ауырғандар саны 212-ге жетті. Оның ішінде 73 пациент стационарда емделуде. Науқастармен 2 254 адам байланыста болғаны анықталды, олардың барлығы медициналық бақылауға алынды. Эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясының белсенді 3 ошағы бар. Бұл Талғар, Панфилов аудандары мен Талдықорған қаласы. Демек, карантиндік шаралар күшейтіледі», - деп атап өтті Бауыржан Ысқақ.

Күрделі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, Алматы облысында карантинді кезең-кезеңмен жеңілдету жалғасып келеді. 18 сәуірден бастап, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, блокпостар алынып, маңызды нысандардың бірқатары жұмысқа кіріседі.

«Жоспар бойынша, коронавирус инфекциясы қолайсыз аумақтарды қоспағанда, аудандар мен қалалар арасындағы блокпостар алынып тасталады. Қоғамдық моншалар, сауналар, СПА, массаж орталықтары жұмыс істей бастайды. Қызмет көрсету саласы, сыйымдылығы 30 орындық қоғамдық тамақтану, сондай– ақ жазғы алаңы бар ашық ауада жұмыс істейтін нысандар,азық-түлік және азық-түлік сатпайтын базарлар сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі», - деді облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Асхат Чарапиев.

Бұдан басқа, жаңа қаулыға сәйкес, санитарлық-дезинфекциялық шаралар мен маска режимін қатаң сақтай отырып, мектепке дейінгі ұйымдарда кезекші топтар, шағын білім беру орталықтары, үйірмелер, техникалық қауіпсіздік бойынша жауапты құтқарушыларды даярлау және қайта оқыту, сондай-ақ күзет және басқа да мамандандырылған ұйымдар қайтадан жұмыс істейді. Стадиондар 50 орынға дейін ашылады. Қапшағай қаласында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы « РМҚК жұмыс істей бастайды.


Жоғары қарай