Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы облысында жыл басынан бері 176 адам жол апатынан мерт болған

2021 жылдың 17 шілде 2021 17:44

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында алты айда 176 адам жол апатынан көз жұмған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz ресурсына сілтеме жасап.

Алматы облысының полиция қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасының аясында халыққа әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы ақпарат таратып, жолда абай болу керектігін ескертіп отыр.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл өңір жолдарындағы тәртіпті жақсартып, жол апатының санын азайтады.

«Шара барысында апатқа алып келетін жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу фактілерін анықтау мақсатында рейд өткізіп жатырмыз. Сондай-ақ полицейлер түсіндіру жұмысын қолға алып, көлік иелері мен жаяу жүргіншілерге жол ережесін сақтаудың маңызы жайлы брошюра таратып жүр», - деп атап өтті Алматы облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айдос Жүнісов.

Ресми мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері облыс жолдарында 1056 жол апаты болған. Онда 176 адам қаза тауып, 1598 жолаушы мен жүргізуші жарақат алды.

Айта кетейік, «Қауіпсіз жол» шарасы 15 шілде мен 14 тамыз аралығын қамтиды.


Жоғары қарай