Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Алматы облысында туристерді ұрып-соғып, тонап кетті

2020 жылдың 10 маусым 2020 20:28

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында туристерді тонау дерегі «ізі суымай» ашылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті екі тұрғын ашық түрде күш қолдану арқылы саяхатшылардың бірінің 13 мың теңге көлеміндегі ақшасын қолды қылып, екіншісін соққыға жыққан.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 9 маусым күні болған. Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы Шелек полициясының кезекші бөліміне Шарын шатқалының сұлулығын көру үшін велосипедпен саяхатқа шыққандар келіп арызданған. Алматы қаласының интернет қоғамдастығының 47 және 20 жастағы саяхатшыларына «Алматы-Көкпек-Көктал» автожолының 76-шақырымында белгісіз екі ер адам шабуыл жасаған. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі 1,3-тармағы бойынша тіркелді.


Полиция қызметкерлері тез арада іздестіру жұмыстарын жүргізіп, 27 және 30 жастағы Бәйдібек би ауылының екі тұрғынын ұстады. Олар ұсынылған дәлелдемелерден кейін өздерінің кінәсін толық мойындады. Күдіктілер қамауға алынды.

«Сотқа дейінгі тергеу Шелек полиция бөлімінің тәжірибелі тергеушісіне тапсырылды. Ол бір тәулік ішінде сараптама тағайындап, барлық тергеу әрекеттерін жүргізді. Ұсталғандарға мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін», - деді Еңбекшіқазақ АПБ Шелек полиция бөлімі бастығының орынбасары Дидар Базарбаев.

Күдіктілер мінген «Ваз 21014» автокөлігі қылмыс жасаудың қосалқы құралы ретінде сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды.

Іс материалдары сотқа жіберілетін болады.


Жоғары қарай