Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

Алматы облысында тапа-тал түсте шағын несие беру орнынан ақша ұрлаған күдікті ұсталды

2019 жылдың 6 қараша 2019 16:45

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысыы Талғар ауданының 29 жастағы тұрғыны аудан орталығындағы сауда үйінде шағын несие беру мекемесіне жасырынып кіріп, ақша ұрлап жатқан жерінен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мекеме қызметкерлері шақырусыз келген қонақты ұстап, оның қалталарынан ұрланған қаржыны алып жатқан сәт түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Оқиға орнына шақырылған тәртіп сақшылары ресми деректі тіркеп, күдіктінің тұлғасын анықтады. «Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Оның бұдан өзге қылмыстарға қатысы бары анықталуда», - деп атап өтті облыстық ПД баспасөз қызметі.

Алдын ала тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де ұрлық жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Түс мезгіліндегі үзілісті пайдаланған ол шағын несие беру мекемесінің кассасынан 50 мыңнан астам теңгені жымқырып, киімдеріне жасырған.

Полиция таратқан ақпарат бойынша, биыл Алматы облысы аумағында өзгенің мүлкін ұрлаудың 5 мыңнан астам дерегі ашылып, 10 миллион 600 мың теңгеден астам материалдық шығын өндірілген. Оның ішінде, жыл басынан бері Талғар ауданында 724 ұрлыққа қатысы бар тұлғалар анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған.

Жоғары қарай