Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Алматы облысында соңғы 3 күнде дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсірген 6 тұлға анықталды

2020 жылдың 16 шілде 2020 14:26

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында соңғы 3 күнде дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсірген 6 тұлға анықталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келеңсіз жағдайлар алып мегаполис Алматы маңында орналасқан облыстың елдімекендерінде тіркелген. Алыпсатарлықпен айналысқандарға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов та қаладағы нақты ахуалды саралады.

«Медсервис плюс» ЖШС-ның дәріхана қоймасына түс ауа бір топ дәрі-дәрмек қоры жеткізілді. Дәл қазіргі жағдайға халық сұранысы зор аспирин, парацетамол, сумомед, азитромицин т.б. тауарлар алдымен ауруханаларға мен емханаларға үлестіріледі. Аса мұқтаж санаттағылар кезексіз алады.

«Кеше облыс әкімінің тапсырмасымен жергілікті бюджеттен қосымша 500 млн теңге бөлінді. Бұл аудан-қалалардағы дәрі қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Міне, бүгін дәрілердің алғашқы легі келді. Бұдан бөлек, жақын күндері қауіпті ошақта жүрген азаматтар мен қызметкерлерге вирусқа қарсы дәрі-дәрмек сатып алынады»,- деді Батыржан Байжұманов.

Қоймадағы қор Талдықорған мен алыс-жақын аудандардағы 130 дәріхананы қамтымақ. Медициналық препараттар әр жұма сайын үздіксіз түсіп отырады. Тиісінше бағасы да шекті нормада.

Өңірде дәрі тапшылығы біртіндеп шешіліп келеді. Аймаққа БАӘ, Түркия, Қытай елдерінен гуманитарлық көмектер тікелей жөнелтіліп отыр. 800-ге жуық бір реттік арнайы костюм, 15 000 дана қолғап, санитайзер, термомертлер қойма сөрелерінде тұр.


Жоғары қарай