Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Алматы облысында шетел азаматы жалдамалы пәтерді тонап, еліне қашқан

2020 жылдың 8 шілде 2020 09:00

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында Тәжікстан азаматы жалдап тұрған пәтерінен 1 миллионнан астам теңге және бағалы заттарды ұрлап, отанына ізін суытқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылдың наурыз айында Қарасай ауданының Полиция басқармасына сол ауданның 37 жастағы тұрғыны арызданған. Ол 1 миллион теңгеден астам ақшасы мен жеке заттарының ұрланғанын жеткізген. Аталған факті ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша тіркелді. Полиция қызметкерлері оқиға орнына шығып, күдікті пәтерге кілтті таңдау арқылы кіргенін анықтады. Сол пәтерді жалдап тұрған Тәжікстанның 29 жастағы азаматы тәртіп сақшыларының күдігін тудырған. Ол дереу оқиға орнынан ізін суытқан.

Алайда, кашқын ұсталды. Ол жақында Қазақстанға оралып, Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде жалданып жұмыс істей бастаған. Ұрлық ұмытылған деп ойлаған.

Күдікті миллион теңге және қалған мүліктерді ұрлағанын мойындады. Қылмыс жасағаннан кейін отаны - Тәжікстанға барып, ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеу кезеңінде оны қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Тергеу аяқталуға жақын.


Жоғары қарай