Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы облысында медициналық бұйымдарды шығаратын жаңа зауыт ашылады

2020 жылдың 20 қазан 2020 15:48

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысында медициналық мақсаттағы бұйымдарды шығаратын жаңа зауыт ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа өндіріс 2020-2025 жылдарға арналған фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде іске қосылады. Жоспарға сәйкес, Қазақстанда фармацевтикалық сала өндірісінің көлемін және дәрілік заттар экспортын 2 есе ұлғайту көзделіп отыр.

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында Фармацевтика өнеркәсібі экономиканың өте маңызды секторы және халықтың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің негізі саналатынын айтқан болатын.

Отырыс барысында стратегиялық құжат қаралды. Министр отандық фармацевтика өндірісіне қатысты мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуді тапсырды.

Айта кетейік, 2020 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ҚР фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 34,1%, яғни 81,5 млрд теңгеге дейін өскен. Бұл өсімге «Dolce» ЖШС компаниясы үлкен үлес қосты, ол өндіріс көлемін 58%-ға арттырды және аталған жетістіктерді тоқтатпауға күш салады.

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының шеңберінде «Dolce» ЖШС «Мельтблаун» үлгісіндегі материалды (медициналық маскаларға арналған сүзгі), медициналық маскаларға арналған резеңке жолақтарды, бір реттік медициналық қолғаптарды, стерильді шығыс материалдарын (дәкеден жасалған бұйымдар өзге де медициналық қажеттіліктер) өндіру бойынша зауыт салуды және өндірістік-логистикалық орталық құруды жоспарлап отыр.

Медициналық мақсаттағы бір реттік бұйымдарды, кәсіби шығыс материалдарын, бір реттік киімдерді, сондай-ақ дәрілік заттарды шығаратын қазақстандық ірі өндіруші «Dolce» ЖШС жаңа зауыты 100-ден астам өнім түрін шығарады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 150 млн теңге. Сонымен қатар зауыт 300-ден астам адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етеді.

«Жаңа зауыттың ашылуы нарықты қолжетімді бағамен, сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік бағыттағы мәселелерді шешуге де мүмкіндік береді. 300 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сарапшылар жұмыссыздықтың пандемиядан кейінгі басты проблеманың бірі болатынын бірнеше рет айтты. Күрделі жағдайға қарамастан жаңа жұмыс орындарын құру – біздің бұл мәселені шешуге қосқан үлесіміз», – деді «Dolce Group» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Елена Ли.


Автор Гүлмира Ғосманәли
Басты сөздер: Медицина, Алматы,
Жоғары қарай