Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау тұрғындары алтын құймаларын көп сатып алады

2022 жылдың 26 мамыр 2022 18:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сәуір айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 61,3 кг алтын құймасы сатылды. Бұл наурыздағы көрсеткішпен салыстырғанда 55,3% аз, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық банкке сілтеме жасап.

«Наурызда сатылымның ұлғаюына қаржы нарығындағы белгісіздік пен құбылмалылық себеп болды. Халық қолдағы жинағын сақтап қалу үшін баламалы құрал ретінде алтынға инвестициялауға мүдделі болды. Сәуірде валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануына байланысты құйма сатылымының төмендегені байқалды. Дегенмен өлшемді құймаларды сату көлемі 2021 жылғы орташа айлық сату көлемінен 37,3%-ға жоғары (2 694 дана) болды. Ұлттық банк 2017 жылы халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,1 тоннаға жуық 91 229 алтын құйма сатылды», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма.

Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 26%, яғни, 23 799 дана. Одан кейін 20 грамдық құйма сұранысқа ие, 19 376 дана (21%), 5 грамдық құймадан 18 599 дана (21%), 100 грамдық құймадан 18 197 дана (20%), 50 грамдық құймадан 11 258 дана (12%) сатылды. Алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында көп сатылады.

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.


Жоғары қарай