Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы мешіттерінде Құрбан айт намазы оқылмайды

2021 жылдың 16 шілде 2021 16:44

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат-Алматы қаласының бас имамы Оспан Төлеби онлайн брифинг барысында карантин кезінде Құрбан айт мерекесін атап өту шараларын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматыдағы эпидемиялогиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты Құрбан Айт намазы қала мешіттерінде оқылмайды. Айт намазының орнына әркім өз үйінде 2 рәкат намаз оқуы ұсынылады.

Сондай-ақ Құрбан айт күндері елдің базардан мал таңдап алып, оны өз қолымен союына және көпшілік іс-шараларды өткізуіне тыйым салынады.

«Бұл жауапты да, сауапты амалды Муфтиятқа қарасты мешіттер Шариғаттағы өкіл құрбандығы, яғни біреудің орнына басқа адам өкіл болып, құрбан шалу қағидасына сүйене отырып қашықтан құрбан шалуды ұйымдастырады. Былтырғы тәжірибеге сүйене отырып, Бас муфти бастамасымен карантин талаптарын ескере отырып, халықтың денсаулығын сақтау мақсатында құрбан шалу шарасын өткізу үшін Құрбан-2021 атты онлайн қайырымдылық акциясы қолға алынды. Ол үшін арнайы Kurban2021.kz сайты қайта іске қосылды»,-деді қаланың бас имамы.

Алматы өкілдігі бойынша қашықтан құрбан шалу ісін үйлестіретін арнайы жұмыс тобы құрылған.

Олар тапсырыс алудан бастап, мал сою, видео есеп жолдау, етті мұқтаж жандарға тарату сынды жұмыстарды жүргізеді.

«Сайт арқылы құрбандыққа тапсырыс беру 15 шілдеден бастап 22 шілде сағат 14.00-ге дейін жалғасады. Пандемияға байланысты қашықтан құрбан шалуға тапсырыс берушілерге құрбан еті берілмейді, ол түгелдей мұқтаж жандарға табысталады»,- Алматының бас имамы.


Жоғары қарай