Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы күніне орай өнер мұражайының жанындағы сквер мен субұрқақ жаңартылды

2021 жылдың 19 қыркүйек 2021 17:08

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған Әбілхан Қастеев атындағы мұражайдың алдындағы сквер мен субұрқақ алғаш рет реставрацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мұражайдың іргелес аумағындағы абаттандыру жұмысын көріп қайтты.

Жөндеу жұмысы тарихи қалыптасқан ландшафты көгалдандыру жобасына жаңа тәсілдерді енгізу арқылы заманауи рекреациялық аймақпен толықтырылды.

Серуен аймағында кедергісіз орта жасалды.

Субұрқақтың сорғы жүйесінің жұмыс принципі сарқырамамен ауыстырылып, түнгі уақытта бұл аумақ жарық болуы үшін жарық жүйесі жүргізілді. Жалпы мұражайға іргелес бүкіл аумақ өзгерді.

Бүгінде бұл жерде заманауи алаңы мен демалыс аймағы бар, шағын сәулеттік формалар мен орындықтар қойылды.

2,5 мың шаршы метр аумақ абаттандырылып, скверде заманауи жарық жүйесі орнатылды, яғни 15 прожектор қойылды.

Алматы қаласы мәслихатының депутаты, экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Алтынай Көбеева көркейтудің жаңа нысандарын ашу әрқашан жағымды деп санайды.

«Біздер, яғни алматылықтар қала күнінде керемет сыйлыққа ие болдық. Ауқымды абаттандырудан кейін мұражай аумағы өзгеріп, жаңа келбетке ие болды. Жасыл желекке оранған бұл жерде уақытымызды жайлы өткізуге болады деп ойлаймын», - деді А. Көбеева.

Еске салсақ, Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайы - еліміздің ең ірі көркемсурет мұражайы әрі бейнелеу өнері саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу мен мәдени-ағарту орталығы.


Жоғары қарай