Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматы коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатыр

2020 жылдың 6 тамыз 2020 00:30

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы арнасындағы «Akimat Live» тікелей эфирінде Бақытжан Сағынтаев қазіргі эпидемиологиялық ахуал мен COVID-19 күресу шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы 5 тамыздағы соңғы мәліметтерге сәйкес, Алматыда COVID-19 жұқтырғандар саны 12641-ге жетті. Тәулік ішінде 176 жаңа жағдай анықталды. Бүгінге дейін барлығы 7590 адам емделіп шықты, бұл науқастардың 60%-ын құрайды. Соңғы тәулікте 504 адам емделіп шықты. Осы уақыт ішінде алғаш рет оң үрдіс байқалды, онда сауығып шыққандар саны ауруханада жатқандардың санынан 3,3 есе артық.

Алматы қаласының әкімі вирусты жедел жұқтырушыларды анықтау үшін бүгінгі күні зерттеу жұмыстарының қарқынды жүргізілгендігін, зертханалардың қуаттылығы 2,5 мыңнан 9,5 мыңға дейін артқанын, зерттеу көлемінің күніне 19,5 мыңға дейін ұлғайғанын атап өтті.

«Біз үшін медицина ұйымдарына түсетін жүктеменің нақтылы көрінісін көру маңызды. Яғни, дәрі-дәрмектердің қажетті қорын құру, дәрігерлерге түсетін жүктемені есептеу және т.б. Бұл көрсеткіштер барынша нақты болса, КВИ-мен күрестің пәрменділігі артады», - дейді әкім.

Алматыдағы №4 және №7 қалалық клиникалық ауруханалар біртіндеп қалыпты жұмыс режиміне көшуде.

« Пандемияның жаңа толқынына дайындық аясында ауыр науқастар үшін бірінші эшелондағы инфекциялық стационарлардағы төсек-орындардың қуаттылығы 1015-ке ұлғаяды. Сондай-ақ, тамыз айының соңында 500 орынды жаңа аурухана іске қосылады. Қыркүйек айының ортасына дейін - 300 орынды жедел салынатын жұқпалы науқастар ауруханасы, жеке инвестициялар есебінен 1 қазанға дейін екі қонақүй базасында 215 орынды толыққанды ковидті клиникалар іске қосылады»,– дейді шаһар басшысы.

Бұдан өзге, барлық ковидті ауруханаларда Б және В сыныптағы медициналық қалдықтарды жою, сонымен қатар тоқтау суларды залалсыздандыру жүйелері бойынша заманауи терминалдар салу жоспарланған.

Сонымен қатар, қала әкімі өзін-өзі оқшаулау режимін бұзушы симптомсыз вирус жұқтырушыларға қолданылған шараларға жеке тоқталды. 2020 жылдың 3 тамызынан бастап Алматы қаласында COVID-19 коронавирус инфекциясы таралуын болдырмау үшін қосымша шектеу шаралары енгізілді. Бұл КВИ диагнозы расталған адамдардың өзін-өзі оқшаулау шаралары.

«Егер ПТР-тестілеудің оң нәтижесі анықталған жағдайда, науқас адамға белгіленген ережелерді сақтау туралы хабарлама жіберіледі. Оған үй карантині ережелерін бұзған жағдайда жауапкершілікке тартылатыны (әкімшілік айыппұлды қоса) ескертіледі. Бүгінгі таңда КВИ-ді жұқтырған 8 симптомсыз науқас арнайы стационарға оқшауланды. 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Егер олар өзгелерге ауру жұқтыратын болса, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін»,– деді Бақытжан Сағынтаев.

Тікелей эфир барысында, Б. Сағынтаев КВИ-мен күресуге ықпал ететін цифрлық шешімдер туралы айтты. Мысалы, қоғамдық көліктерде «маска режимінің» ықтимал бұзушыларын анықтайтын жүйе сынақтан өткізілуде, бұл жолаушылар арасындағы әлеуметтік қашықтықтың сақталуын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге дәріханаларда дәрі-дәрмектердің қанша қалғандығын анықтайтын қосымша әзірленді.

«Айта кетерлігі, алматылық бағдарламашылар жасаған шешімдердің бірі еліміз бойынша қолдануға ұсынылды. Төтенше жағдай және күшейтілген карантин кезінде алматылық кәсіпкерлер үшін басты мәселе – кәсіпорындар қызметінің және қозғалыстардың шектелуі болды. Мәліметтерді жинауды, өңдеуді, сақтауды және жариялауды автоматтандыру үшін – infoalmaty.kz интегратор порталы құрылды. Бұл жоба бизнес пен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын үйлестірудің мысалы болып табылады. Аталмыш тәжірибе бүкіл республикаға таралады»,– деді әкім.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев қалада пандемия жағдайында алматылықтардың өмірі мен денсаулығын сақтау жөнінде нақтылы іс-шаралар жоспары бар екенін атап өтті.

«Жедел жәрдем көмегі бағытының жаңа моделі жасалды. Негізгі клиникалық-диагностикалық бағыттар бойынша штаттан тыс мамандар институты құрылды. Жалпы қалалық зертханалық желіні орталықтандыру жүзеге асырылды.Біз қалалықтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау жөніндегі жоспардың екінші кезеңін жүзеге асыруға өтудеміз, оған күзгі-қысқы маусымда болуы мүмкін пандемияның екінші толқынына дайындық шаралары енеді. Ошақтарды бақылау, жұқтыру тізбесін үзу бойынша жұмыстар күшейтіледі», - деп қосты қала әкімі.

Іс-шаралардың қатарында, бейнебайланыс арқылы өзін-өзі оқшаулау жағдайында науқастың халін бақылау және бағалауға мүмкіндік беретін Телемедициналық мониторинг пен жеңіл және симптомсыз COVID-19 жұқтырған пациенттерді қолдау орталығын құру жоспарлануда.

«Сонымен қатар, амбулаториялық емдеуден өтіп жатқан КВИ жұқтырған пациенттерді қашықтықтан бақылауға арналған мобильді қосымша жасау жоспарланған.Психологиялық көмек көрсету жұмыстары күшейтіледі.Қолданыстағы колл-орталықтың негізінде COVID-19-дан жазылып шыққан пациенттерге және олардың туыстарына психологиялық қолдау тобын құру жоспарланған. Қабылданған шаралар қаладағы пандемияның барысы мен дамуына әсер етуі мүмкін ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған»,– деп қортындылады әкім.


Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Алматы, Коронавирус,
Жоғары қарай