Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматы қайта қалпына келтіріліп жатыр - фоторепортаж

2022 жылдың 25 қаңтар 2022 09:20

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жаппай тәртіпсіздіктен кейін Алматыда жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Бірақ лаңкестік қауіптіліктің «қызыл» деңгейі әлі де сақталуда. Төтенше жағдай режимі мен комендант сағаты алынды. Зақымданған және өртенген ғимараттар жөнделе бастады, келтірілген шығын есептеліп жатыр. ҚазАқпарат фототілшісі мегаполистің бүгінгі келбетін ұсынады.

Тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен көптеген ғимараттар, дүкендер, банктер әлі қалпына келтірілген жоқ. Бұл – қаланың орталығындағы бүгінгі көрініс. Негізінен ғимараттардың қасбеті, кіреберісі қираған, өртенген. Көп жерде көшедегі банкоматтар ауыстырылып, жұмыс істеп тұр.




























Жұмыс комиссиясы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын қажет ететін 281 шағын және орта бизнес нысанын (8 – күрделі, 273 – ағымдағы жөндеу) анықтады. Оның 184-і техникалық сараптамадан өтіп жатыр, 87-сі мемлекеттік сараптамаға жіберілді, 24-і расталды. Қалған 97 нысан бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Зардап шеккен нысандардың басым бөлігі орталықта ораналасқан: Алмалы ауданы (92 нысан), Әуезов ауданы (47 нысан), Медеу ауданы (58 нысан), Түрксіб ауданы (33 нысан), Бостандық ауданы (27 нысан), Жетісу ауданы (9 нысан), Алатау ауданы (8 нысан), Наурызбай ауданы (7 нысан).














































Сондай-ақ әкімшілік ғимараттар қирады, өртенді. Атап айтар болсақ, Президент резиденциясы, әкімдік ғимараттары, Прокуратураның құқықтық статистика комитеті, модульдік постар мен полицияның фронт-офистері, экопостар, медициналық мекемелер, телеарналар және тағы басқалары. Бүгінгі таңда көптеген нысандар қоқыстан тазартылды. Мамандар техникалық зерттеу жүргізіп, шығынды есептеп жатыр. Кейбір ғимараттарда жөндеу жұмыстары басталып та кетті.

Қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, сметалық норма бойынша жалпы сомасы 28,6 млрд теңгеге 10 нысанды қалпына келтіру жұмыстарының алдын ала құны есептелген. Оның ішінде жалпы ауданы 33 мың шаршы метр немесе 100% өрттен залал келтірілген қалалық әкімдік ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары бар.



















Сондай -ақ Алматыда апта соңына дейін тәртіпсіздіктер кезінде бүлінген барлық пәтерлер қалпына келтіріледі.

Бүгінгі күні мегаполисте 7 700 қызмет көрсету нысаны қайта жанданды.

120 ірі кәсіпорын мен қаланың 51 базары жұмысын бастады.149 азық-түлік сауда желілерінің, гипермаркеттер мен супермаркеттердің 146-сы өз қызметін қалпына келтірген, қалған 3-уі 28 қаңтарға дейін ашылады. Сонымен қатар, 220 жанар-жағармай құю бекеттерінің 190-ны жұмыс істеп тұр.

Бұдан бөлек, Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлене бастады.

Қаңтар оқиғасында істен шыққан «Сергек» камералары түгел қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен алматылық кәсіпкерлерге «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның кепілдігі немесе жартылай кепілдігі арқылы 12 ай мерзімге жылына 2%-бен 10 млн теңгеге дейін несие беріледі.

Алматыда қаңтардағы бүлікте көз жұмғандардың құрметіне пантеон салынады.























































































Жоғары қарай