Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әлихан, Ахмет, Қажымұқан: Петропавлда 4 мектепке қазақтың біртуар ұлдарының есімі берілмек

2021 жылдың 21 қазан 2021 14:25

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты 7 шақырылымының кезектен тыс өткен сессиясында Петропавлдағы білім беру және спорт нысандарының төртеуіне қазақтың біртуар ұлдарының есімдерін беру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО мәслихат депутаттарының алдында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Досбол Әбдірисов баяндама жасап, Петропавлдағы бірқатар нысанға Алаш ардақтыларының есімін беруді ұсынды.

Атап айтқанда, № 25 жалпы білім беретін орта мектепке – Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханның, № 2 орта мектепке – кеңестік мемлекет, саяси, мәдениет қайраткері, республиканың халық ағарту комиссары болған, Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы Смағұл Сәдуақасұлының, №9 орта мектепке қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алашорда өкіметінің мүшесі - Ахмет Байтұрсынұлының есімдерін беру ұсынылды.

Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан есімімен атау мәселесі көтерілді.

СҚО мәслихат депутаттары ұсынысты бірауыздан қабылдады. Енді облыстық әкімдік жанындағы ономастикалық комиссияның қаулысы мен облыстық мәслихат шешімі республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберіледі.

Бір жыл бұрын Петропавлдағы өнер колледжіне Ермек Серкебаевтың, облыстық филармонияға Ақан Серінің есімдері берілген еді.

Сондай-ақ екі аудандағы мектептер Мағжан Жұмабаевтың және Қожаберген жыраудың есімімен аталды.


Жоғары қарай