Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алғыс айту күні: Ақмола облысында 1000-нан астам түрлі іс-шара өткізілді

2021 жылдың 1 наурыз 2021 15:21

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат Ақмола облысында Алғыс айту күніне арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Шарада аймақ басшысы Ермек Маржықпаев ақмолалықтарды осынау мерекемен құттықтап, бұл күннің барлық қазақстандықтар үшін тарихи маңыздылығына тоқталды.

«Тарихымыздың көптеген беттері жоғары моральдық құндылықтардың бірі ретінде ризашылықпен байланысты. Саяси қуғын-сүргін мен жер аударудың қасіретті жылдарында адамдарға қолдау көрсеткені үшін бір-біріне алғыс білдіру үмітін қайта табуға, өмірін қайта бастауға мүмкіндік берді. Бүгінде қуғын - сүргін дәуірінен аман қалған куәгерлер мен ұрпақтар қасиетті қазақ жерінде алған қамқорлық пен қонақжайлылықты зор ықыласпен еске алады», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Іс-шараға қатысушыларға еңбек ардагері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Болат Жанәділов, көп балалы ана Мина Жексембаева, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және басқалар алғыс сөздерін айтты.

«Бүгін біз еркін елде тұрамыз, бүкіл әлем біз үшін ашық. Біз қазақтармен, кәрістермен, немістермен, ингуштармен және басқа да этностармен қатар өмір сүріп, балаларымыздың болашағын бірге құрамыз. Бұл күні облыс тұрғындарына, Елбасымыз бен Президентімізге Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім үшін алғысымды білдіргім келеді», - деп атап өтті облыс поляктары бірлестігінің мүшесі Павел Трищ.

Іс-шара барысында бірқатар ақмолалықтар «Халық алғысы» медалімен, бірлік пен келісімді, қазақстандық бірегейлікті нығайтқаны, ізгіліктің гуманистік мұраттарына жоғары қызмет еткені үшін облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Алғыс айту күні Көкшетау қаласының «Бурабай» спорт сарайы, триатлон мектебі, Қажымұқан атындағы спорт кешені және «Оқжетпес» футбол клубы медицина қызметкерлері үшін Ашық есік күнін жариялады. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері аталған ұйымдардың спорт секцияларына тегін бара алады.




Өңірде Алғыс айту күніне орай 1 мыңнан астам түрлі іс-шара өткізілді. Олардың қатарында еріктілердің, жастардың, кәсіпкерлердің және тұрғындардың қатысуымен «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» қайырымдылық марафоны аясында өтіп жатқан халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету бойынша акциялар, концерттер, көрмелер, челлендждер бар.


Жоғары қарай