Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әлеуметтік жобалар акселераторының алғашқы жылы қорытындыланды

2020 жылдың 25 қараша 2020 16:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында Республикалық Азаматтық форум аясында «Өзгерістің саруарлары» жобасының алғашқы жылының қорытынды конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен өткен конференцияда биылғы үздік жобалардың әрі қарай даму мүмкіндігі, жаңа жобалардың қосылу ықтималдылығы және акселератор аясын кеңейту мәселелері талқыланды.

Жаңа ашылған бастаманың немесе кәсіптің тез аяққа тұрып, жылдам дамып кетуі үшін не керек және қанша уақыт қажет? Қандай да бір жобаны қолға алған әрбір адамның бірінші уайымы осы шығар. Осы орайда биыл «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының бастамасымен «Өзгерістің саруарлары» бағдарламасы жүзеге асқан. Оның мақсаты – жаңа ашылған, бірақ қоғамға берері мол әлеуметтік кәсіптік жобаларды жылдам дамытып, республикалық, қала берді халықаралық деңгейге шығару. Бастамаға қызыққандар көп болды. Әу баста елорданың өзінен 120 жобадан өтініш түсті. Бәрі бірдей қабылданған жоқ. Іріктелген 46-сы үш айлық акселерациядан өтіп, соның 39-ы арнайы сертификаттарға ие болды. Солардың ішінде тек 20-ы ғана бағдарлама жетекшілерінің шешімімен республикалық көлемде ауқымын кеңейтуге мүмкіндік алып, акселерацияның толық бағдарламасынан өтті.

Бүгін осыған байланысты өткен қорытынды конференцияда «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Данияр Есин «Өзгерістің саруарлары» бағдарламасының аясында Әлеуметтік жобалар акселераторы қолға алынғанын айтып, мақсат іріктелген 20 жобадан өзге бастамаларға үлгі болатындай және өзгерістің елшісіне айналатындай көшбасшы жасақты жасап шығару болғандығын атап өтті.

«Акселерацияның нәтижесінде біз көзқарастары айшықталған, өзгерістің елшісі болып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ұстанымдарын қоғамға сапалы және мазмұнды түрде жеткізе алатын тың жобалардың жасағын құрдық. Бұл 20 әлеуметтік жоба алдағы уақытта бағдарламаның басты ұстанымдарын әрі қарай жалғастыру арқылы, әр өңірде Көшбасшы жобаларды соңынан ертіп, жұмыстарының ауқымын үздіксіз арттырып отырады», - деді Данир Есин.

Өз кезегінде Акселерация бағдарламасына толық тоқталып өткен «Өзгерістің саруарлары» жобасының сарапшысы Зарина Биюмбаева іріктелген жобалар үшін «Рухани жаңғыру» институтының маңыздылығын атап өтті.

«Биыл жаһандық пандемияға байланысты күллі әлем қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп отыр. Мұндай кезде қандай бастама болмасын, барлығы да қолдауға мұқтаж. Осы орайда «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты көрегендік танытып, дер кезінде «Өзгерістер саруарлары» бағдарламасын қолға алды. Өйткені, шыны керек, көптеген қоғамдық маңызы зор жобалар қанша жерден әлеуетті болғанымен қолдаудың жоқтығынан жойылып кетуі де мүмкін еді. «Өзгерістер саруарлары» бұл жобаларға жаңа серпін беріп, екінші тынысын ашты. Яғни, бір-бірімен өзара коллаборация жасасудың нәтижесінде, сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» институты ұсынған оқыту әдістемелері нәтижесінде жобалар өздерінің стратегиялық жоспарларын қайта қарастырып, жаңа көзқараспен алға қарай басты. Енді олар өзге өңірлерге масштабталуға дайын. Енді акселерацияның толық бағдарламасынан өткен бұл жобалар өзге өңірлерге масштабталуға дайын. Ол үшін алдағы уақытта да «Өзгерістің саруарлары» аясында қолданылған әдістемелер бойынша өз жұмыстарын жалғастырулары тиіс, - деді Зарина Биюмбаева.

Ал «Өзгерістің саруарлары» жобасының қатысушысы, «Ózge Epic» шығармашылық студиясының жетекшісі Мақпал Жұмабайдың пікірінше, бұған дейін қазақ мәдениеті мен тарихына көзқарас бір жақты ғана болған. Алайда «Өзгерістің саруарлары» бағдарламасының ішінде ел болмысы мен өткенін мүлдем басқаша көрсететін жобалар да бар.

«Іріктелген 20 жоба өзара коллаборацияға түсіп, күш біріктіруіміздің арқасында соңымыздан ерген жүздеген жаңа жобаларға дұрыс жол көрсеттік деп ойлаймын. Тіпті, әлеуметтік-қоғамдық маңызы зор шаруаларды атқарып, әр жоба үшін жаңа бағыт, жаңа форма ойлап таптық. Соның нәтижесінде мәдениет бағытындағы жобалар өздерінің стратегиялық жоспарларына онлайн мүмкіндіктерді қосты. Біз өзіміздің даму стратегиямызды заманауи жолға қойып, алдағы 5-10 жылдық межелерді анықтадық. Мұның барлығы азаматтық қоғам мен мемлекеттік өзара байланысы арқасында жүзеге асып жатқаны қуантады. Өйткені, бұрын біз Мемлекеттің жасап жатқан жұмыстарына көрермен ретінде ғана қатысып, көп жағдайда сыншының рөлін атқарсақ, «Өзгерістің саруарларына» қатысудың нәтижесінде біз заң жасаушы, құрылымдарды өзгертуші ретінде де азаматтық көзқарасымызды білдіріп, тікелей байланысқа түсуге мүмкіндік алдық. Жалпы, акселерацияның толық бағдарламасынан өткен 20 жобаның барлығы өз мүмкіндіктерін көрсетті. Ендігі кезекте Мемлекетпен серіктестік жүргізе отырып, өз жұмыстарын жалғастырса, онда үлкен нәтиже болады деп ойлаймын, - деп ойын қорытындылады Мақпал Жұмабай.

Айта кетейік, қазіргі уақытта әлеуметтік жобаларды қолдау мақсатында Social Lift платформасы әзірленуде. Бұл платформаға кез келген адам кіріп, тіпті, сол саланың маманы болмаса да, өздеріне ұнаған жобаларға қатысушы ретінде қолдау білдіре алады. Social Lift платформасы геймификация түрінде жасалып, қатысушылардың белсенділіктеріне қарай мотивациялық жүйе бойынша жұмыс жасайды. Сондай-ақ, мұнда акселерациядан өткен жобалар тобы жасақталып, әрдайым бір-бірімен байланыс орнатып тұруға мүмкіндік жасалады.





Жоғары қарай