Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын реттеуге берілген 180 күн аяқталған соң не болады

2022 жылдың 12 қаңтар 2022 09:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын реттеуге берілген 180 күн аяқталған соң не болатынын айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға қосқан үлестің жартысын иеленді. Ол инфляцияның жоғары құбылмалылығының басты факторына айналды. Сол себепті кеше Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдер үшін жуырдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуді негізгі басымдық ретінде белгіледі. Ол осы мәселені шешпей, ешқандай шаралар инфляцияны тұрақтандыруға көмектесе алмайтынын атап өтті. Ұлттық банк әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен ғана жұмыс жүргізбей, инфляцияға өзінің елеулі үлесін қосатын басқа да тамақ өнімдері бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс деп есептейді», -деді Ерболат Досаев.

Оның сөзіне қарағанда, биыл бірінші жартыжылдықта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша енгізілген жекелеген тауарлар мен қызметтердің бағаларын 180 күн мерзіміне уақытша реттеу бағаны тұрақтандыруға оң әсер етуге тиіс.

«Алайда, біз реттеуді алып тастағаннан кейін бағаның бірден өсіп кетуіне жол бермеу мақсатында бәсекелестікті дамыту және шамадан тыс делдалдықты жою арқылы нарықтық қағидаттарды енгізу және «осал тұстардың» орнын толтыру үшін осы берілген уақытты пайдаланып қалуымыз керек, өйткені өнім шығарушылар шығынға ұшырау үшін жұмыс істемейді.

Бірлескен шараларымызды табысты іске асыру және ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру Мемлекет басшысы алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін инфляцияны 2025 жылға таман 3-4% дәлізінде тұрақтандыруға және орнықтыруға мүмкіндік береді», - деді Ұлттық банк басшысы.


Жоғары қарай