Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруда 3 млрд теңге үнемделді

2020 жылдың 31 қаңтар 2020 22:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрлық жобаларды іске асыру және Мемлекеттік қызметтерді электрондық және проактивті форматқа көшіру арқылы бюджет қаражатын 3,03 млрд теңге үнемдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл соманы есептеу кезінде «Электрондық еңбек биржасы» және «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» сияқты жобалар, сондай-ақ электрондық форматқа ауыстырылатын мемлекеттік қызметтер ескерілді.

Электрондық еңбек биржасы 2 жыл ішінде жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің шығындарын алып тастау есебінен 1,6 млрд теңге көлемінде қаражат үнемдеуге мүмкіндік берді. Мысалы, қазір жұмыс берушілерге Халықты жұмыспен қамту орталықтарына келудің қажеті жоқ, бос жұмыс орындары бар бума қағазды тапсырудың қажеті жоқ, енді ХЖҚО штатында бұрынғыдай осы деректерді қолмен енгізетін бірнеше қызметші қажет емес», делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі шартты басып шығаруға емес, оны дерекқорда сақтауға мүмкіндік береді. Бұрын келісімшартқа қол қою және басып шығару үшін жұмыс берушілер ақша жұмсап, оларды сақтау үшін жеке орын бөлу керек еді. Пилоттық жоба іске қосылған сәттен бастап 1,5 жыл ішінде министрлік 430 млн теңгені үнемдеді.

«Үнемдеудің негізгі бөлігі - барлық құжаттарды қағазға басып шығару қажеттілігінің болмауы. Бұл бірқатар әлеуметтік және еңбек қызметтерін SMS арқылы, egov.kz порталында немесе EgovKzBot2.0 Telegram-ботында алуға болатындығына байланысты. Осының арқасында қызметтерді көрсетуден үнемделген қаражат 1 млрд теңгені құрады», делінген хабарламада.

Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруда мемлекеттік қызметтерді электрондық және проактивті форматтарға көшіру маңызды рөл атқарады. «Көріп отырғаныңыздай, ең маңыздысы цифрландыру азаматтардың өмірін жеңілдетіп қана қоймайды. Ол сондай-ақ процестерді ашық етеді, бюджет қаражатын үнемдеуге жанама мүмкіндік береді. Тек 2019 жылдың өзінде экономикалық тиімділік 2,154 млрд теңгеге жетті», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру 2018 жылы басталды. Оның аясында «Электрондық еңбек биржасы», «Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі», «Отбасының әлеуметтік картасы» және басқа да ірі жобалар іске асырылуда.


Жоғары қарай