Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

Алакөлге жолдамалар сату басталды

2020 жылдың 4 маусым 2020 15:07

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алакөлге жолдамаларды брондау мен сату басталды. Турагенттіктер мен Алматы облыстық туризм басқармасының болжауынша, биыл көлге келетіндердің саны артпақ. Тіпті рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін. Қазіргі таңда Алматы және Шығыс Қазақстан облысы Алакөл жағалауының инфрақұрылымын жетілдіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық туризм басқармасының мәліметіне сәйкес, Алакөл көлінің жағалауында қазіргі кезде 250 орналастыру объектілері бар. 2020 жылы 14 жаңа нысан салу жаспарда.

«Қазіргі таңда Ақши ауылында демалыс саябағының құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 6 шілдесіне дейін құрылысты аяқтау жоспарлануда. Парк аумағында автокөлік тұрағы, аркасы бар екі кіру тобы, күркелер, ойын алаңдары, орталық қалқа, жазғы кафе, 336 адамға арналған амфитеатр, жазғы сахна, футбол алаңы, волейбол алаңы, велосипед алаңы, роликтермен сырғанауға арналған алаң, екі дәретхана және тренажерлерге арналған алаң орналасады»,– дейді Алматы облыстық туризм басқармасының туристік жобаларды жоспарлау және жүзеге асыру бөлімінің басшысы Бақытжан Оразбаев.

Сонымен қатар, ол 2020 жылдың 1 маусымынан бастап күн сайын «Нұр-Сұлтан-Үшарал-Нұр-Сұлтан» және «Алматы-Үшарал-Алматы» бағыттары бойынша рейстер ашылғанын айтты. 8 маусымнан 24 қазанға дейін «Алматы-Үшарал-Алматы» бағыты бойынша қосымша рейс болады (дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, жексенбі).

Ағымдағы жылдың 3 ақпанынан бастап «Жетісу» авиакомпаниясы АҚ «Талдықорған-Үшарал-Талдықорған» бағыты бойынша рейсті аптасына 7 рет жүзеге асырады. Сондай–ақ, «Жетіген-Достық-Жетіген» бағыты бойынша әлеуметтік маңызы бар ауданаралық темір жол бағыты субсидияланады, осы мақсатқа облыс бюджетінен 2017 –2021 жылдарға 85 млн теңге қарастырылған.

«Пойыз 2020 жылдың маусым айынан тамыз айына дейін аптасына 3 рет жүреді. 7 вагон іске қосылған. Бір билет бағасы плацкарт 2686 тг, купелік 4500 тг. жалпы орын саны - 324. Тасымалдаушы компания қосымша 10 коммерциялық вагон ұсынуға дайын»,– дейді ол.

Ал, Шығыс Қазақстан аумағындағы жағалауда 11 552 жатын орны бар демалушыларға арналған 176 орын іске қосылған. Олардың барлығы онлайн брондауға дайын. Бір адамға тұру бағасы шамамен 2600 - 10 500 тг.

ШҚО туризм және ішкі байланыс басқармасының басшысы Марат Қабақовтың айтуынша, Алакөлде жағалауды дамыту бойынша үлкен жұмыстар атқарылды.

«Біз алғаш рет Республика, сонымен қатар облыс көлемінде санитар дәрігердің қаулысымен туристерді орналастыру нысандарының жұмыстары реттелген пандемия жағдайында жұмыс істейміз. Туристік бизнестің барлық субъектілері бұл жағдайдың тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде орын алғанын түсінеді, сондықтан карантиндік шаралардан шаршаған қазақстандықтардың демалысы жоғары деңгейде болуы үшін бар мүмкіндікті жасайды»,– деді Марат Қабақов.

Алакөлдің шығыс жағалауындағы барлық демалыс базасында жеке қорғаныс заттары бар (медициналық маскалар, қолғаптар), зарарсыздандыру заттары, оның ішінде қолды жууға арналған антисептиктер, сондай-ақ температураны өлшеуге арналған байланыссыз термометрлер.

Туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысы Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік Бас санитар дәрігерінің 21 мамыр 2020 жылғы №10 қаулысымен реттелген.

«Семей мен Өскемен қалаларының әуежайына келген барлық жолаушылар COVID-19 экспресс-сынақтамасын тапсыратын болады. Әуежайларда, теміржол мен автовокзалдарда міндетті түрде медициналық бетпердені киіп, арақашықтықты сақтап, санитайзерлерді қолдану керек. Бұдан басқа, келетін және кететін жолаушылар үшін жеке дәліздер жұмыс істейді, әуежай мен вокзал ғимараттарында жолаушыларды шығарып салуға тыйым салынады»,– дейді ол.

«Інжу» демалыс кешенінің иесі Елена Асылбекованың айтуынша, Алакөлдің Шығыс жағалауындағы туристік нысандардың басым бөлігі санитар дәрігерлердің жаңа талаптарына бейімделген және алдағы туристік маусымның сәтті өтетініне сенімді.

Айта кетерлігі, қазір, отандық турагенттіктер жаппай ішкі туризмен аналыса бастады. Оған себеп, әлемдік пандемия.

«Біз ешқашан ішкі туризмен айналысып көрген емеспіз, биыл алғаш рет қолға алдық. Оның себебі, айтпаса да түсінікті. Бұл карантиндік режимге байланысты. Биылғы жылдың туристік тренді – Алакөл. Қазақстандық турагенттіктердің барлығы ішкі туризмге көшті. Олар тек Алакөлге ғана емес, сонымен қатар Қапшағай, Балқаш, Бурабай сияқты жерлерге де арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр. Өткен жылдары Алакөлге сұраныстың қандай болғанын білмеймін, биыл айтарлықтай өсетін сияқты. Қазірдің өзінде тапсырыс берушілердің қатары көбейді. Рекордттық көрсеткішке жетуі де әбден мүмкін»,– дейді Максим Банин НТ.kz турагенттігінің директоры.

Алакөлде демалуды дәстүрге айналдырған алматылық Жанысбековтар отбасы биылғы демалыстарына ертерек қамдана бастады.

«Біз Алакөлге жылда шілде айында барамыз. Ақшиде демалғанды жақсы көреміз. Жылдан-жылға қызмет көрсету саласы дамып келеді. Әрине, сәйкесінше бағасы да артып отырады. Мысалға, осыдан үш жыл бұрын төрт адам (екі ересек, екі бала) бір аптаға 100 мың теңге жұмсасақ, өткен жылы 140 мың теңгеше көбейді. Биыл Алакөлде демалушылардың саны артады. Сондықтан ертерек қамдануға кірістік. Кеше ғана барып орын брондап келдік»,– дейді алматылық Ерлат Жанысбеков.


Жоғары қарай