Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Алакөлдегі демалушылар арасында коронавирус анықталмаса шектеулер алынады

2020 жылдың 10 маусым 2020 22:59

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Алакөлге жұмыс сапарымен барып, жазғы маусымның ашылуына байланысты кәсіпкерлермен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Шығыс Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 204-ке жетті. Оның ішінде 23-і сырттан келген. Вируске шалдыққандар Үржар ауданында да тіркелді. Осы ауданда 14 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған.

«Алакөлге жету үшін аудандағы 11 ауылды басып өту керек. Мәселен, Үржар ауданында 72 мың халық тұрады. Жағалаудағы серуендеу және суға түсу аймағының жалпы қолданыстағы аумағы 2 шақырымды құрайды. Онда 12 мың адам жүре алады. Ал бұл демалушылардың жаппай ауруына әкеліп соғуы мүмкін. Өткен жылы Алакөлге 700 мыңнан астам адам келді. Биылғы маусым айында Алакөлдің шығыс жағалауындағы қонақүйлерге келушілердің жалпы саны тәулігіне 12 мыңнан асып кеткен. Сондықтан ауру жұқтыруды азайту мақсатында демалушылардан COVID-19 тестінен өткені және жұқтырмағаны жөнінде анықтама талап етіледі. Анықтаманың уақыты жарамсыз болмауы керек», - деп хабарлады ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, Алакөлге кіреберісте жылжымалы медициналық пункт жұмыс істейді. Онда тестілеуден өтіп, анықтаманы алуға болады. Егер науқастар анықталса, Үржар аудандық ауруханасына жеткізіледі. Қабанбай ауылында 12 орындық инфекциялық стационар мен арнайы аппараттар бар.

Көл жағалауындағы туризм нысандарының дайындығын тексеру мақсатында 3 мониторингілік топ құрылған. 5-9 маусым аралығында 175 демалыс орны тексерілді. Қазіргі күні 72 демалыс орны санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын орындауға ішінара кірісіп кетті. Қалған 10-ы әлі дайындықты бастаған жоқ.

Барлық демалыс орындары мен өзге де нысандардың келушілерді қабылдап алуға дайындығын растайтын актіні мониторингілік топтан алмай, жұмысқа кірісуге құқығы жоқ. Бүгінде бірде-бір кәсіпкерге мұндай акті берілмеген.

Кездесу барысында Даниал Ахметов кәсіпкерлерге ешқандай өзара келісімнің болмайтынын атап айтты.

«Сіздер барлық талапты сақтап, тиісті актіні алып, ары қарай нормаларды орындап, жұмыс істей аласыздар. Әйтпесе, демалыс орындары жабылады. Қазіргі басты міндет – қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалу. Пайда табуды емес, демалушылардың қауіпсіздігін ойлаңыздар», - деді аймақ басшысы.

Жазғы маусым барысында мониторингілік топ жұмысын жалғастырады. Топ мүшелері демалыс орындарын, қоғамдық тамақтану және өзге де нысандарды жүйелі түрде тексеруді көздеп отыр.

Көптеген кәсіпкерлердің өтініші бойынша ШҚО әкімі бизнес нысандарын толтыру үшін жаңа ұсыныс айтты. 13-23 маусым аралығында жағалаудағы демалушылар арасында корнавирус инфекциясы анықталмаса, демалыс орындарының иелеріне қонақүй нөмірлерін 75 пайызға дейін толтыруға мүмкіндік беріледі. Егер жағалаудағы жағдай тұрақты болса, барлық нысан 1 шілдеден бастап толық жұмысқа кіріседі.

Естеріңізге сала кетсек, Алакөлде демалушылардан коронавирус жұқтырмағандығы туралы анықтама талап етіледі.

Биыл Алакөл аймағы 13 маусымнан бастап демалушыларды қабылдайды. Алайда әзірге Алакөлдегі демалыс орындарының көбісі туристерді қабылдауға дайын емес.



Жоғары қарай