Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақжайықта Жұбан орталығы ашылды

2020 жылдың 26 қыркүйек 2020 07:30

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Қазақстан халық жазушылары, ақындар, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Жұбан Молдағалиевтің 100, Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұбан ақынның ғасырлық мерейтойы туған жері - Ақжайық ауданында басталды.

Алдымен меймандар Сайқұдық ауылындағы ақын атындағы мектепке бет түзеді. Содан кейін Жұбан ауылындағы Талап орта мектебінде ақын сыныбы ашылды.

Негізгі шаралар аудан орталығы - Чапаев ауылында өтті.

Осында Жұбан орталығының ашылу рәсіміне қатысқан БҚО әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев елі барда, азаматын қүрметтейтін халқы барда Жұбан ақынның мәңгі жасайтынын жеткізді.





«Есімі алты алаштан асып, «Мен - қазақпын!» деп барша әлемге жар салған ақынның есімі ұмытылмақ емес. Академик Зейнолла Қабдолов: «Жұбан - қазақ поэзиясындағы, әдебиетіміздегі ірі құбылыс. Ол - Оралдың ғана емес, қазақтың Жұбаны» деген болатын. Жұбан елі ақын мұрасын үлгі етіп, келер ғасырларға да жалғайтыны анық», деді М.Манкеев.

Алматыдан арнайы келген ақынның жары София Мәлікқызы Жұбан еліне шынайы ризашылығын жеткізді.





«Мен 1947 жылы осы елге келін болып түстім. Қаланың қызы болсам да, ауылдың барлық шаруасын істедім. Мен көп бата алған адаммын. Осы күнге де жетіп отырғаным - соның арқасы деп ойлаймын», деді ол.





«Біз Жұбан ағаның көзін көріп, сөзін естіген ұрпақпыз. Қыран қабақты, бәйтеректей бойымен, саңқылдаған даусымен өлең оқыған сәті, өзінің сұсымен, мысымен басып тұратын ақын келбеті әлі көз алдымызда. Ол кісі Қазақстан Жазушылар одағын басқарып тұрған кезде мені мүшелікке қабылдағаны есімнен кетпейді. Жұбағаң бұрынғы Одақ дүркіреп тұрған дәуірде Расул Гамзатов, Давид Кугультинов, Эдуардас Межелайтис, Мұстай Кәрім сияқты ұлы ақындармен терезесі тең, қатар жүрген ең бетке ұстар ақындарымыздың бірегейі болды. Біздің ұсынысымызбен Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының биылғы «Түркі мәдениетінің күнтізбесіне» де енгізіліп, кеңінен аталып өтілетін болды. Осыдан он жыл бұрын аудан орталығында еңселі ескерткіші бой көтерсе, бүгін Жұбан орталығы ашылып отыр. Мұнда келген адам әдебиет әлеміне енгендей болады. Дизайны әдемі, биік талғаммен жасалған. Жұбан суреттері де айрықша көз тартып тұр», деді мерейтойға арнайы келген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есләулет.








Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы Ақұштап Бақтыгереева 21 жасында қазақпын деп өлең жазып, сол рухты кеудесінде өшірмей, 43 жасында өлмес поэмаға айналдырған ақын рухының мәңгі өшпейтінін айтып, Жұбан орталығын салуға үлес қосқан кәсіпкер азаматтарға алғысын жеткізді.

Композитор, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов ақынмен шығармашылық байланыста болғандығы жөнінде естелігімен бөлісіп, атыраулық суретші Қамбар Аманов салған «Еділ-Жайық» туған күн» атты картинаны Жұбан орталығына сыйға тартты.

Қадыр ақынның 85 жылдық мерейтойы туған жері - Сырым ауданында басталды.

Қос ақынға арналған шаралар бүгін Орал қаласында жалғасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да «Жайықтың қос қыраны» атты республикалық ақындар айтысы өтетінін жазған болатынбыз.

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан



Жоғары қарай