Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақылбек Күрішбаев әлеуметтік маңыздағы тауарлар тізімін кеңейтуді ұсынды

2021 жылдың 11 маусым 2021 13:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттағы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру тақырыбындағы Үкімет сағатында депутат Ақылбек Күрішбаев әлеуметтік маңыздағы тауарлар тізімін кеңейтуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоғамдағы ең өзекті мәселе – ол азық-түліктің қымбаттауы.

Есеп комитетінің қорытындысына сәйкес, бізде азық-түлік қауіпсіздігінің көрсеткіштері дұрыс анықталмайды екен. Оларды есептеу үшін тамақ өнімдерін тұтынудың тиісті физиологиялық нормалары қолданылмайды. Сондай-ақ халықтың азық-түлікпен қамтамасыз етілуін анықтау әдістемелері Үкіметтің нормативтік-құқықтық актілерімен бектілмеген. Бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігі не істеп жатыр? Екінші сұраққа тоқталсам, мемлекет реттейтін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне Ресейде 24 түрі, Беларусь Республикасында – 28 түрі енген. Ал Қазақстанда бар болғаны - 19, бізде бұл тізімде еттің, көкөністің, жарманың кейбір түрлері жоқ. Ал жеміс-жидек пен балалар тағамы тіпті енбеген. Біздің ойымызша, бұл дұрыс емес! Біздің халқымыз тек азық-түліктің 19 түрін тұтынбайды. Осыған орай, елімізде бағасын мемлекет реттеуі тиіс әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін кеңейту туралы пікірлеріңіз қалай?», - деп сұрады сенатор Ақылбек Күрішбаев.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров биыл Есеп комитеті ведомствоны тексерген кезде физиологиялық нормаларды реттейтін қағиданың жоқ екеніне назар аударғанын атап өтті.

«Біз онымен келісеміз. Бұл қағида болған, бірақ министрліктің өзінің ішінара бұйрығымен бекітілген. Сондықтан қазір Есеп комитетінің берген ұсынысын ескере отырып, осы қағида дайындалды. Қазір қағида мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр. Осы айдың ішінде ол бекітілуі керек. Екінші сұраққа келетін болсам, бүгінде Қазақстанда әлеуметтік маңыздағы тауарлардың ішінде 19 азық-түліктің түрі енгізілген. Бірақ министрлік ретінде баға бойынша, өніммен қамтамасыз етілуі деңгейін өзіміз 29 азық-түлік түрі бойынша жүргізіп келеміз, яғни маңызды өнімдер қамтылған. Ал Ресей мен Беларусьте бізге тән емес біраз азық түрі бар. Мысалы, олардың тізімінде шошқа еті, кептірілген балық сияқты өнім бар. Беларусьте көкөністер ескірмеген», - деді министр.

Сонымен қатар С. Омаров сенатор Ақылбек Күрішбаевтың ұсынысын қолдайтынын айта келе, аталған мәселе бойынша мемлекеттік органдармен бірлесе тиісті талқылау жүргізу керек екенін жеткізді.


Жоғары қарай