Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Ақтоты Райымқұлова лотерея операторының жалпы айналымдағы қаржысы туралы айтты

2020 жылдың 4 маусым 2020 12:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова еліміздегі лотерея операторының қызметі туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

«Заң жобасы лотереялық қызметті құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған. Сіздерге белгілі, «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заң 2016 жылғы 9 сәуірде қабылданған болатын және бүгінгі уақытта заңнама деңгейінде өз шешімін қажет ететін, біраз мәселелер анықталды. 2017 жылғы № 48 Үкімет қаулысымен «Сәтті Жұлдыз» Акционерлік қоғамы лотерея операторы болып 15 жыл мерзімге анықталды. Лотерея операторы қызметкерлерінің саны 748 адамды құрайды. Республика бойынша 3 мыңға жуық таратушы (агенттер) шағын және орта кәсіпкерлерден тұрады. Олармен келісімшарттар негізінде жұмыс жүргізіледі, яғни лотерея операторы лотереяның дұрыс жүргізілуіне және таратылуына тікелей өзі жауап береді. Сондай-ақ лотерея билеттерін таратуды өзінің негізгі қызметтерімен қатар атқаратын ірі дистрибьютерлер бар. Мысалы, «Қазпочта» Акционерлік қоғамы және ірі супермаркеттер желісі», - деді министр.

Таратушылар (агенттер) лотерея операторынан жалпы таратылған лотерея билеттерінің құнынан 6 пайыздан жоғары сыйақы алады. «Сәтті Жұлдыз» Акционерлік қоғамы 24 жедел (оның ішінде 18-і электрондық) және 8 тиражды лотерея ойынын (оның ішінде 4-і электрондық) жүзеге асырады.

«Сәтті Жұлдыз» Акционерлік қоғамы 2017-2019 жылдар аралығында лотерея билеттерін сатудан түскен жалпы айналымы 18,5 млрд теңгені құрады: 2017 жылы – 195,6 млн теңге, 2018 жылы – 1,9 млрд теңге, 2019 жылы – 16,4 млрд теңге. Лотерея операторының жалпы айналымының 70 пайызы лотерея қатысушыларына төленеді, қалған 30 пайызы қосымша құн салығына (12%), агенттердің сыйақысына (6%), лотерея билеттерін шығару және маркетинг шығындарына (5,7%), әкімшілік шығыстарына (4,1%) және спортты дамытуға арналған төлемдерге (2,2%) жұмсалады», - деді А. Райымқұлова.

Лотерея операторымен 2,7 млрд теңге көлемінде салық, 421,7 млн теңге спортты дамытуға арналған төлемдер және 12,1 млрд. теңге ұтыстар уақытылы төленді.


Жоғары қарай