Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбеліктердің тең жартысынан астамы ғана вакцина салдырды

2021 жылдың 27 тамыз 2021 21:19

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында 522 мыңнан астам адам вакцина салдыруы тиіс. Оның тең жартысы ғана иммундаудан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында күніне шамамен 3000-3500 адам вакцина салдыруы тиіс. Осы көрсеткішке қол жеткізгенде ғана ұжымдық иммунитет қалыптасады. Алайда қазір күніне 2 мыңға жуық адам ғана емханаларға барып, вакцина салдырып жатыр.

«Ақтөбе облысы бойынша қазір 1200-ден астам адам инфекциялық стационарларда ем қабылдап жатыр. Оның 111-і жансақтау бөлімінде. Мәліметтерге сүйенсек, 9-ы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Ал 50-і инвазивті емес аппаратқа таңылған. Инфекциялық ауруханалардағы кереует жүктемесі 64,5% болса, жансақтау бөлімінде 50% жетті», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Айта кетейік, облыс бойынша 276 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші, ал 217 мыңы екі компонентін де қабылдаған.

«Жыл басынан бері 326 өлім тіркелді. Оның 256-ы коронавирус инфекциясынан, өзгесі пневмониядан көз жұмды. Соңғы екі аптада күн сайын 3-6 адам қайтыс болып жатыр. Көбіне созылмалы ауруы бар және вакцина салдырмағандар вирусты жеңе алмайды. Бір ескере кетерлік жайт, реанимациядан жатқан науқастардың 99% вакцина салдырмаған», - деді Рүстем Исаев.

Қазір өңірде Спутник-V, QazVac,Vero Cell вакциналары бар.


Жоғары қарай