Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбеде жас кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант берілді

2020 жылдың 17 қыркүйек 2020 04:27

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Арманыңа қол жеткіз» атты жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған жобаның нәтижесі қорытындыланды. 16 жас кәсіпкер қайтарымсыз грант ұтып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жоба жеңімпаздарымен кездесіп, болашақ кәсіпкерлердің бастамаларына сәттілік тіледі.

«Әлемдік нарықта үлкен жетістіктерге жеткен іскер азаматтардың көбісі өздеріңдей жас күнінде және өте қарапайым жағдайда өз істерін бастаған. Стив Джобс, Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Джек Ма, барлығы да шағын ғана істен бастап, соны дамыта келе үлкен нәтижеге жеткен жандар. Өзіміздің жерлестерімізді алсақ та, үлкен шаруаларды дөңгелетіп отырған кәсіпкер азаматтарымыз жетерлік. Жастардың қуаты-білімі мен білігінде. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, уақыттарыңызды ізденісте болуға, шеберліктеріңізді шыңдауға тиімді пайдалану керек. Себебі, бизнес әлемі де үлкен ғылым. Түрлі заңдылықтары бар. Білімдеріңізді неғұрлым тез, әрі толық игерсеңіздер, соғұрлым сіздердің істеріңіз нәтижелі болып, елге, жерге пайда келтіресіздер»,- деді өңір басшысы О.Оразалин.





Алғаш рет ұйымдастырылған жобаға қала, аудандардан 78 өтініш түскен. Менторлар мен кәсіпкерлер, депутататтардан құралған комиссия мүшелері «Ауылды көркейту», «Мәдениет және бос уақытты тиімді пайдалану», «Отбасылық құндылықтар және дәстүр», «Білім беру кіші жобалары», «Салауатты өмір салтын дамыту», «Экология және абаттандыру» , «Туризм» бағыттары бойынша ең озық әрі сұранысқа ие 16 жобаны мақұлдады. Нәтижесінде Ақтөбе қаласынан-5, Байғанин ауданынан-4, Хромтау-2, Қобда-1, Мұғалжар-1, Әйтеке би-1, Темір-1, Мәртөк ауданынан-1 қатысушыға 1 - 2 млн теңге аралығында қаржылай сертификат табысталды. Жобалар арасында ұлттық нақышта дәстүрлі бұйым өндіру, мал шаруашылығын дамыту, мүмкіндігі шектеулі балаларға ақысыз қызмет көрсету, энергетикалық сусындар өндіру, «Эко-бұйымдар» өнімін шығару, ішкі туризмді дамытып, өңіріміздің киелі жерлеріне туристтік маршрут ұйымдастыру сынды жобалар озық деп танылған.





Жоғары қарай