Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Ақтөбеде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 99 іс тіркелді

2019 жылдың 11 қазан 2019 20:31

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті 9 айды қорытындылады. Биыл барлығы 99 іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл өңірде Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің «Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі» бабы бойынша 5 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға барлығы 2,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Яғни, жауапкершілікке тартылған әрбір адам 200 АЕК көлемінде айыппұл төледі.

«Пробациялық бақылауда жүрген 4 ақтөбелік инспектордың ұялы телефонына бірлік салып жіберген. Бір адам жол-патрульдік полиция қызметкеріне заңсыз сыйақы берген. Сонымен қатар, парақорлық фактілері жіктемесінде ҚР ҚК-нің 367-бабы, яғни, «Пара беру» бойынша 3 қылмыстық іс тіркелген, оның біреуі аяқталды. Екеуі өкініп, өз қателіктерін түсінді. Пара берген кәсіпкерлерлер ісі тоқтатылды. Мәселен, 2019 жылы Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы Шәріпов пен кадр жөніндегі сектор меңгерушісі Байтақов наурыз айында директорлардан 15 мың теңге сұраған. Себебін «300 мың теңге ақшаны облыстық ішкі аудит департаментіне беруге» деп түсіндірген. Ісіне өкінген соң қылмыстық іс тоқтатылды», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов.

Биыл барлығы 99 қылмыстық іс тіркелсе, оның 50 пайызы ауыр санатқа жатады. Қаржы жымқыру, мемлекет қаржысын талан-таражға салу дерегі бойынша 30 іс, қылмыстық өкілеттілігін асыра пайдалануда 38 іс, пара алуда 24 қылмыстық іс бар. Осы жылы барлығы 112 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Кейбір іс өткен жылдан бастап тергелген болатын.

«Таяуда Шалқар ауданында теміржол саласының басшысы 1,2 миллион теңге пара алумен ұсталды. Тергеу талаптарына сай өзге ақпарат құпия сақталады», - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің облыстық департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов.

Шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласуда 14 дерек тіркелді. Облыстық басқармаларда 6 адам, аудандық бөлімдерде 5 адам, құқық қорғау саласында 45 қылмыстық іс, әлеуметтік қамсыздандыруда 3 іс, мемлекеттік сатып алуда 7, мемлекеттік кірістер бөлімінде 2, білімде 4, ауыл шаруашылығында 1, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында 3 қылмыстық іс бар. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды орындауда 6 қылмыстық іс тіркелді. Жыл басынан бері 44,3 миллион теңге шығын келсе, оның 23,8 миллион теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді. Ал 47,9 миллион теңге уақытша бұғатталды.

Жоғары қарай