Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбеде мердігерлер кейбір көшенің жолын қайта салып жатыр

2021 жылдың 23 қыркүйек 2021 02:03

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде жөнделген жол талапқа сай келмей, мердігерлер бірнеше көшедегі асфальтті қайта салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы жолдарды жөндеуге биыл 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Қазіргі кезде бірнеше көшенің жолына әлі де асфальт төселіп жатыр.

Жұмысты Қоғамдық бақылау кеңесі мен «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» АОФ тексерді.

«Орталық бұған дейін тек республикалық жолдың сапасын қарады. Кейін облыстық, қалалық, тіпті аудандық маңызы бар жолдың сапасын қарауға көшті. Бұрын құрылыс материалдарына көп көңіл бөлінбеген. Тіпті қиыршық тас шығаратын «Қарғалы» зауытының өнімі талапқа сай келмеді. Ал олардың қиыршық тасы көпке дейін өңірдің жолын салу кезінде пайдаланылған. Нәтижесінде бір жылға жетпей жолдар жарамсыз күйге түсті. Кейін біз мұны тоқтаттық. Сонымен бірге қазір мердігерлер жобалық-сметалық құжаттар көрсетілген талапты сақтайды. Олар стандартқа сай келмесе өз қаржысына қайта салатынын жақсы біледі. Дегенмен биыл Ақтөбе қаласында бірнеше жол қайта жөнделді. Мердігерлер ол үшін 18 миллион теңге қаржысын қосымша жұмсады», - деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» АОФ директоры Тельман Малаев.




Талап бойынша жаңбыр жауғанда, аяз күшейгенде құрылыс тоқтауы тиіс. Егер бұл талап сақталмаса, қиыршық тас қайта шашылып, ой-шұңқыр көбейеді.

Сондықтан тапсырыс беруші мен мердігер дер кезінде жұмысты аяқтауға күш салады.

«Жолдың сапасын тексеретін орталықтың сараптама қорытындысына сай мердігер ақшасын ала алады. Сондықтан біз орталықтың шығарған қорытындысына сүйеніп, бюджет қаржысын аударамыз. Бұл өте тиімді. Барлық нысанда авторлық және техникалық бақылаушылар бар. Олар да өз жұмысын істеп жатыр», - деді қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғали.




Жол активтері ұлттық сапа орталығы планшеттің көмегімен тексеру жұмысын фотоға түсіріп, қолтаңба қойып, акт толтырады.

Акт бірден жүктеліп, орталыққа жіберіледі. Жұмыс қазан айына дейін жалғасады.





Жоғары қарай