Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбеде көпбалалы ана ішкі туризмді дамытуды қолға алды

2021 жылдың 31 қазан 2021 15:11

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы қарағайлы орманды аралап, жазда құмға түсуді, серуендеп, атқа мінуді қалайтындар саны артты. Көпбалалы ана туристердің сұранысын қамту мақсатында 7 гектар жерді жалға алып, бизнесін бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағайлы орман мен Барқын құмы

Ақтөбенің ішкі туризмін дамытуды қолға алған туроператор танымдық әрі демалыс бағытын таңдаған. Ойыл ауданының турмаршрутында Бархын құмы мен қарағайлы орманға саяхат бар.

Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының хабарлауынша, бұл аумаққа 1873, 1899, 1903, 1907 және 1913 жылдары ағаш егілген.

Сөйтіп қарағайлы орман пайда болды. Деректерге сүйенсек, Ойыл орман шаруашылығы соғыстан кейінгі кезеңде дамыды. Алғашқыда ауылды құм көшкінінен сақтап қалу үшін көшіттер отырғызылса, қазір саялы орман көздің жауын алады.

Барқын құмы – Ойыл ауылының оңтүстік-батысында орналасқан. Оның көлемі 34 346 гектар жерді алып жатыр.




Көпбалалы ананың кәсібі

Бархынға сапар шеккен адам далада қалмайды. Тек алдын ала сол аймақты жалға алып, қызмет көрсетіп жүрген кәсіпкермен хабарласу керек. Ойыл ауылының тұрғыны Рысгүл Наурызбекова 7 гектар жерді 10 жылға жалға алған.

«2020 жылы «Бизнес Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыдым. Кейін қайтарымсыз грант алу үшін бизнес жоспарымды ұсындым. Мен орман алабында демалыс орнын ашып, туристерге қызмет көрсетуді жөн санадым. Ішкі туризмді дамытуға арналған жобама 2,5 млн теңге берді. 2020 жылдың қыс айларында туристер келе бастады. Біз мұнда ат шанамен қыдырдып, атпен серуендеуге мүмкіндік жасадық. Екі ат, есек те бар. Шанамен сырғанайды, адамның жанына рахат сыйлар әсем табиғатты тамашалайды. Мұндағы аппақ көрініс кез келген адамның бойын қуат беріп, көңіл-күйін арттыратынын білеміз», - дейді Рысгүл Наурызбекова.




Дегенмен қыста емес, жаз айларында сұраныс жоғары. Сол кезде қалалықтар ғана емес, ауылдастары жиналаты, түрлі мерейтойды өткізеді.

«Жаз айларында адам өте көп келеді. Сенбі-жексенбі күндері адамдар таза ауада тыныққанды, достарымен бас қосқанды ұнатады. Кейде ауыл адамдары құдасын шақырып, туған күнін атап өтеді. Ал сәкіде ұжым болып демалысты сәтті өткізеді. Ойылда жалғыз өзім осы жобаны қолға алдым. 7 сәкі бар. Екі киіз үй тігілді. Күйеуім орман шаруашылығында жұмыс істейді. Соның ойында жүрген іс еді. Ойылда қызмет көрсету орны көп. Ал жолдасым Темірбек Сенғалиев екеуміз осы бағытты таңдадық. Киіз үйді ыдыс-аяғымен 20 мың теңгеге жалға беремін. Атпен серуендеу 30 минутқа 500 тг, сәкі 3 мың теңге. Жанымызда өзіммен бірге барлығы 5 адам жұмыс істейді. Отбасылық бизнес деп айтсам артық болмас. Әзірге шетелден келгендер болмады», - деді Рысгүл Наурызбекова.

Кәсіпкер қолға алған істі әрі қарай дамытуды көздеп отыр. Ол электр тогы мен газ тартылса, келушілерге жайлылық сыйлағысы келеді.




Ал суды арнайы қазылған ұңғымадан алып отыр.

«Өзім Алматының қызымын. Мамандығым жоқ. Мектеп бітірген соң күйеуге шығып кеттім. Қазір 6 балам бар. Бес қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмын. Кішкентайым 6 айлық, үлкені 12 жаста. Бәрі де қолқабыс етеді. Мұнда жазда демалушылармен бірге ем қабылдайтын үлкендер келеді. Буыны сырқырап, жүріп-тұруы қиындаған адамдар құмға түседі. Әсіресе шілде, тамыз айлары ыңғайлы. Арнайы келетін адамдар қонып, осы жерде жатады», - дейді ол.

«Атымды жалға беремін»

Мұнда тек бір шаруа емес, ауылдың өзге адамдары да ішкі туризмді дамытуға үлес қосып жүр.

«Өзім аудан орталығы Ойылда тұрамын. Бархын орманына ауылдан ғана емес, қаладан да келіп, жазда құмға түседі. Бұл жердің құмы буын ауруларына ем деп айтылады. Негізі пандемия кезінде көпшілік үйден шығуға қорықты. Кейін шектеу шарасы жеңілдеп, қайта жанданды. Үлкендері құмға түссе, жастары көңіл көтеруге келеді. Әркімнің қызығушылығы әртүрлі. Өзім анамды әкелемін, соның жанында өзім де құмға түсемін. Ауылда құм ғана емес, Кералы тұзына барады», - деді келушілерге атты жалға беретін тұрған Қайрат Бекетаев.

Ол қазір жалғыз атын бағып, жалға беріп отыр. Егер сұраныс артса, санын көбейтпек.

Оның айтуынша, қолда барды қадірлеу керек. Дегенмен ауыл тұрғындары келсе, қоқысты тастап кетуді әдетке айналдырған.




Көкжар жәрмеңкесі – тарихи орын

ТуристергеАқтөбенің Ойыл ауданындағы Көкжар жәрмеңкесіің сауда қатарлары көрсетіледі. Қазір бұл аумақта Ойыл аудандық колледжі бар.

Бір аула демесеңіз, Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарлары жаңартылған, мемлекет қорғауына алынған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе облысы Ойыл ауданында құнды жәдігерлер сол күйі сақталған.

Бай көпестердің үй қазір интернат үйіне айналды. Ал жәрмеңке кезінде қарапайым адамдар қоныстанған үйлерде әлі күнге дейін ойылдықтар тұрады. Жеке, коммуналдық меншектегі ғимарттардың негізі сол күйі сақталған, кейбірі жаңартылған.




Сонымен қатар, сауда қатарлары мен мешіт ғимараты жөнделді, қалпына келтірілді. Ел арасындағы қарым-қатынасты орнатып, сауда-саттықты дамытуға, спорт пен мәдениеттің дамуына серпіліс берген Көкжар жәрмеңкесі кезінде мал және мал өнімдері, ағаш, темір бұйымдары, ыдыс-аяқ, мата сатылған.

Мұрағаттардағы құнды деректерді жинақтап, зерттеу жұмыстарын жүргізуді өз міндетіне алған Шығанақ Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейі тағы бір құжатқа қол жеткізді. Құжатты Мәукеуде тұратын ақтөбелік Олег Ярещенко тапсырған.

Ойылдағы Көкжар жәрмеңкесі ең алғаш рет 1967 жылы Қазыбек боласында ашылды. Қазақ жерінде бірнеше жәрмеңкелер болған. Қазіргі кезде сауда қатарлары мен жәрмеңкенің комитет үйі сақталған тек Көкжар жәрмеңкесі болып тұр.

Көкжар жәрмеңкесі кезінде тұтынған күміс қасық, шайдың қалайы қорабы, қыш ыдыстары мен сол жылдары түсірілген суреттер музейде сақтаулы.

Әлі күнге дейін 150 жылдық тарихы бар жәрмеңке деректері жинақталып жатыр, зерттеу жұмыстары тоқтаған емес. Мәселен, Мәукеуде тұратын жерлесіміз Олег Ярещенко бағалы құжатты тапсырды.

Құжатта жәрмеңкенің ашылу уақыты, сатылған заттар тізімі нақты жазылған. Күндері мен сағаты да жазулы тұр.

Айта кетейік, жеңмеңкенің сауда қатарлары Ойыл маңындағы қызыл құмнан құйылған қызыл кірпіштен қаланды. Жәрмеңке алғашқы жылдары Қазыбек болысындағы ашық аспан астында ұйымдастырылып, екі жылдан соң Бархын шатқалына көшірілген.

Сол жылдары Ойыл бекінісі тұрғызылып, әскери нысандар салынды. Әскери нысандардың орны сақталғанымен, ғимарттар қирап қалған.

Ғасырлық тарихы бар мешіт

Ойылдағы ғасырлық тарихы бар мешіт 1883 жылы салынған. Күйдірілген қызыл кірпіштен салынған мішет бірнеше жыл бойы қараусыз қалып, жабық тұрғанымен, 1999 жылы жөнделіп, қалпына келтірілді. Ал 2014 жылы күрделі жөндеуден өтті.




«2020 жылдан бастап ішкі туризмде сірпіліс болды. Туристер шетелді емес, өзіміздің «кереметтерді» таңдады. Соның бірі – Ойыл орманы. Бархынға келетін адам көп. Құмның үсіндегі орман бізде ғана бар. Осы кереметті көргенде көбі қайта келеді. Волейбол ойнаймыз. Балалар батутта секіріп, әткеншек тебеді. Атпен серуенден, таза ауада тынығады. Бір адам ұнатып, үнемі осы турмаршруттарды таңдайды. Жас ерекшеліктері әртүрлі. Оқушылар да бар», - деді гид Ақтоты Ташигулова.




Оның айтуынша, алдағы уақытта туроператор ішкі туризмді дамытуға арналған бағыттарды жаңартып, толықтырып отырады.


Жоғары қарай