Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбеде боран күні қар құрсауында қалған адамдар құтқарылды

2020 жылдың 27 қаңтар 2020 01:55

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде бірер күннен бері боран болып, жолдар жабылды. Төтенше жағдайлар қызметінің ескертуіне құлақ аспай, қар құрсауында қалғандар құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде ондаған адам құтқарылды. Мәселен, 25 қаңтар күні Қарғалы ауданы, Степной ауылында жүкті әйелден шақыру түсті. Жедел жәрдем бригадасы аудан орталығына жете алмады. Шақырту орнына Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарынан үш адам мен бір техника жіберілді. Нәтижесінде құтқарушылардың көмегімен жедел жәрдем автокөлігі қардан шығарылып, бәрі аман қалды.

Алға ауданында да науқас жедел жәрдем шақырып, боран салдарынан медициналық көмек беруге мүмкіндік болмады. Сол кезде Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен үш құтқарушы мен бір көлік жіберілді.

«Ақтөбе қаласы, Табантал ауылы маңында «Ниссан Патрол» автокөлігі қар құрсауында қалған. Құтқарушылар жіберіліп, жүргізуші өз алғысын жеткізді. Ал Темір ауданы, «Шұбарқұдық-Болгарка» тас жолының 15 шақырымында 1 женіл автокөлік жолаушыларымен қар құрсауында тұрып қалған жөнінде ақпарат келіп түсті. Шақырту орнына ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінен төрт адам мен бір көлік жіберілді. Құтқарушылар күшімен 8 адам, оның ішінде 1 жүкті әйел құтқарылып, Шұбарқұдық ауылына жеткізілді. Қауіп жоқ. Алға ауданы, Есет Батыр мен Тоқмансай ауылы аралығында 3 жеңіл көлік қар құрсауында тұрып қалғаны жөнінде ақпарат түсті. Оларға да құтқарушылар көмектесті», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, жолда оқушылар да қалып қойды. Хромтау ауданының оқушылары Орынбор облысының Қуандық ауылына жарысқа барған. Үйлеріне қайтар жолда олар Бадамша ауылына жеткізілді. Бәрі агротехника колледжіне орналастырылды. Волейбол командасында 11 оқушы мен 4 жаттықтырушы бар. Бәрі аман-есен.


Жоғары қарай