Ауа райы
Астана 33 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 414.46
EUR 451.35
RUB 5.77
CNY 58.12

Ақтөбеде болашақ дәрігерлер блокпосттарға кезекшілікке шықты

2020 жылдың 4 сәуір 2020 05:27

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің дәрігер-резиденттері блокпосттарға кезекшілікке шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы ірі тасжолдар бойында 7 блокпост бар. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің дәрігер-резиденттері үш ауысыммен кезекшілік ұйымдастырды. Әр блокпостта екі дәрігер бар, олар ауысымда 24 сағат жұмыс істейді. Яғни, дәрігер-резиденттер екі күн демалып, бір тәулік полиция мен әскери қызметкерлермен тең еңбек етеді.

«Бұл жан-жақты ойластырылған шешім. Екі адам бір блокпостта болса, бірі жұмыс істеп, екіншісі тынығады, тамақтанады. Басты тапсырма – қызуын өлшеу, жүргізуші мен жолаушылар арасында сауалнама жүргізу. Егер қызуы көтеріліп, жөтеліп тұрса, бірден тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандарына хабар беріп, тапсырады. Жоғары оқу орын дәрігер-резиденттер, еріктілер қауіпті аумақта жұмыс істей алады деп есептейді. Олар маска, қолғап, көзілдірік, бір реттік қорғаныш киімі және термометрмен қамтамасыз етілді», - деді университет баспасөз қызметінің жетекшісі Аймырза Жаманқұлов.

Айта кетейік, өз кезегінде ЖОО олардың ынталандыру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар ерікті дәрігер-резиденттер тізімін Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасына, Денсаулық сақтау министрлігіне береді.


Жоғары қарай