Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ақтөбеде азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қандай шаралар қабылданды

2022 жылдың 27 қаңтар 2022 22:16

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде тұрақтандыру қорына 2 миллиард теңге бөлінген. Оның 1 млрд теңгесіне қажетті азық-түлік қоры жасақталса, қалған 1 млрд теңгесіне айналым схемасы бойынша ақша қарызға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын көтермеу, тұрақтандыру үшін Ақтөбе облысының әкімдігі ірі сауда желілерімен келіссөз жүргізіп, ортақ мәмілеге келді. Сонымен бірге облыстық кәсіпкерлік басқармасы және барлық аудан әкімдіктері әлеуметтік сауда нүктелеріндегі өнім бағаларына күнделікті мониторинг жүргізіп жатыр.

«Қаңтарда делдалдық тізбекті тексеру үшін комиссия отырысы өткізілді. Онда Ақтөбе қаласы бойынша сауда желілері мен базарларына тексеру жүргізу бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану тетігін іске асыру үшін қазіргі уақытта 60 тонна күріш, 2647 тонна картоп, 60 тонна қырыққабат, 300 тонна пияз, 533,9 тонна сәбіз және 100 тонна өсімдік майы бар, 70 тонна пиязға қосымша форвардтық келісімшарттар жасалды. Сондай-ақ, 300 тонна қант сатып алу жоспарланып отыр. 2021 жылдың соңында Ақтөбе облыстық мәслихатының шешімімен 2 млрд теңге, оның ішінде тұрақтандыру қорына 1 млрд теңге (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы, қант, қарақұмық жармасын сатып алу үшін) және айналым схемасы бойынша қарыз беру үшін 1 млрд теңге бөлінді. Өңірлерді дамыту картасы шеңберінде айналым схемасы бойынша қарыз алу үшін республикалық бюджеттен 5 млрд теңге сомасына қосымша қаржыландыру сұралды», - деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбеде «айналым схемасымен» қарызға ақша алған компаниялардың тізімі жарияланды. Олар: «Рамазан» ЖШС - 460 млн тг, «НАМК» ЖШС - 20 млн тг, «Тау» Агрофирмасы» ЖШС – 100 млн тг, «Мәртөк Сүт» ЖШС - 50 млн тг. Енді бір жыл бойы Ақтөбе қаласының сауда желілері мен базарларына макарон өнімдері, сүт өнімдері (айран, сүт, сүзбе, сары май), жұмыртқа төмен бағада жеткізіледі.

«Әлеуметтік нанның бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарынан форвардтық жолмен сатып алынған бірінші сұрыпты ұн пайдаланылады. Ал нан бағасы 84 теңге болып қалады. Биыл «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ы арқылы субсидия бөлініп, тоннасына 90 мың теңге беріледі. Сөйтіп 19 мың тонна бидай бөлу жоспарланды. Жалпы статистикаға сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының индексі 100,1%, республикалық (ҚР-100,3%) құрайды. Жалпы облыста сауда орындарында азық-түлік тауарларының жеткілікті қоры бар. Азық-түлік тауарларының тапшылығы байқалмайды», - деп жазды өңірлік коммуникациялар қызметі.


Жоғары қарай