Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбеде 8 өзеннің арнасын тереңдету жобасы неге тоқтап қалды - әкім түсіндірді

2021 жылдың 22 маусым 2021 14:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі 8 өзеннің арнасын тереңдету жобасы неге тоқтағанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үш жыл бұрын өңірдегі 8 өзеннің жағасын бекемдеп, арнасын тереңдету үшін бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген болатын. Сол жұмыстардың кесірінен жергілікті өзендер мен су қоймалары ылғал көзінен айрылды. Экологтар соның салдарынан Ақтөбе облысында ауызсу тапшылығы туындауы мүмкін деген қауіп айтып жүр. Биыл Шалқар көлінің табанын тазартуға тағы 3 млрд теңге бөлінді. Осынша шығынмен істелген жұмыстың халыққа қандай пайдасы бар? Нәтижесінде өзендердің суы көбейген жоқ қой», - деп сұрады БАҚ өкілі Оңдасын Оразалиннен.

«6 млрд теңге туралы ақпаратыңызда қателік бар. Жобаның толық құны сонша болатын. Жоба қазір тоқтатылған. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша өңірге Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев келгенін білесіз. Сол кезде қоғамдық қауымдастық өкілдерімен бірге жобаны тоқтата тұру туралы шешім қабылданған. Жоба түзетуге жіберілді. Түзету экология қауымдастық талап-тілектерін ескере отырып, жалғасып жатыр. Сіз атаған көлемдегі ақша шығындалған жоқ», - деді Оңдасын Оразалин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Сондай-ақ, ол аталған өзендердің суы азайып кеткені климаттық өзгерістерге байланысты деген пайым айтты.

«Өзен арнасын тереңдету жұмысы туралы айтсақ, қаншалықты қажет екенін сараптама біткеннен кейін хабарлаймыз. Жобаны республика тарапынан қаржыландыру мәселесінің де басы ашық тұр. Шалқар көлінің табанын тазарту жұмысы қажет пе, жоқ па дегенді ауданның тұрғындарынан сұраған жөн деп ойлаймын. Менің ойымша, бұл жұмыс қажет. Тұрғындардың өтінішін Мемлекет басшысы да қолдаған болатын. Аспаннан жауатын жаңбырдың көлемі бізге байланысты емес қой. Бір жыл бір жылға ұқсамай тұр. Алдағы жылдарда өңірдегі өзен арналары қалпына келеді деп үміттенемін», - деді Оңдасын Оразалин.


Жоғары қарай