Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбе облысының қуаңшылыққа дайындығы қандай

2021 жылдың 22 маусым 2021 13:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында өңірдегі қуаңшылық қаупі бар аудандардың қысқа дайындығы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Баспасөз конференциясында Оңдасын Оразалинге Хромтау, Әйтеке би аудандарында болуы ықтимал қуаңшылыққа дайындық қалай жүріп жатқаны туралы сауал қойылды.

«Біріншіден, бәрі де адам баласының өзіне байланысты болады. Егер алдын ала қамданса, Ақтөбе өңірінде толық мүмкіндік бар. Біз жергілікті әкімдіктерге, ауыл шаруашылығы басқармасына, аудан әкімдеріне әр шаруа қожалықпен тікелей жұмыс істеу туралы тапсырма бердік. Қазіргі таңда шабындық та, жйылым да жеткілікті. Бірақ кейбір жерлерде ауа раының қолайсыздығы салдарынан қауіп бар екенін байқап отырмыз», - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, қазір ақтөбелік шаруалар қысқа дайындалумен қатар көрші өңірлердегі жұтқа ұшыраған елді мекендерге көмек қолын созып жатыр.

«Сонымен қатар, көршілес Маңғыстау, Атырау өңірлеріндегі бауырларымызға шөп жеткізу мәселесімен де айналысып жатырмыз. Оған қоса өзіміз де қапыда қалмайық деп, күзге дейін кемінде 1,5 әйтпесе, 2 норма көлемінде қыстық азық дайындау туралы тапсырма бердік. Бірақ нарықтың аты – нарық. Былтыр да сондай жағдайлар болған. Кейбір шаруа қожалықтары дайындаған жемшөпті ақшаға қызығып, сатып жіберген. Қыс ұзарып кетіп, солардың кейбірі шығынға ұшырады. Сол себепті шаруа қожалықтарына әуелі өз дайындығыңызды қамдап, содан кейін ғана сатуды ойлаңыздар деп айтып отырмыз. Менің ойымша, биылғы көктем біразына сабақ болды», - деген облыс әкімі бүгінде Ақтөбе облысындағы ірі қара мен жылқы саны кеңес кезіндегі мөлшерден артып кеткенін айтты.

«Мал азығын дайындауға қаржылай қолдау көрсетіп отырмыз. Техника сатып алуға республика бойынша 25 пайыз субсидия төленсе, біз өз бюджетімізден үстіне 10 пайыз қосып бердік. Былтыр 19,2 млрд теңге болса, биыл 20 млрд теңгеден асып кетті. Қазір ауыл шаруашылығы саласында мыңдаған жоба іске асырылуда. Кәсіпкерлердің арасында мал өсіруге, сүт пен ет өңдеуге, көкөніспен, бау-абқашмен, қауын-қарбызбен айналысуға қызығушылық жоғары. Осындай ынталандырудың арқасында 30 жылдың ішінде жылқы саны - екі есе, ірі қараның саны 8 пайызға өскен», - деді Оңдасын Оразалин.


Жоғары қарай