Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ақтөбе облысы әкімдігіне басып кірген күдіктілердің видеосы жарияланды

2022 жылдың 19 қаңтар 2022 14:15

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық полиция департаменті облыс әкімдігінің ішіне кіріп, заттарды сындырып, қиратқан күдіктілердің әрекетін көрсетті. Бейнебақылау камерасындағы жазбаны жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 5-қаңтарда түсірілген бейнематериалдарды жариялады.

Онда бір топ адамның өрт сөндірушілер көлігіне тарпа бас салып, сындыруға әрекеттенгенін көруге болады.

«Тәртіпсіздік кезінде Ақтөбе облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің қызметтік автокөліктеріне шабуыл жасалған. Қылмыскерлер өрт сөндіру көлігін басып алуға тырысты және екі өрт сөндірушіні таяқтады», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Сондай-ақ облыс әкімдігіне бір топ адам кіріп, ондағы мүлікті қирата бастаған сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалды.

«5 қаңтардағы митинг кезінде наразылық білдірушілер Ақтөбе облысы әкімдігінің ғимаратын басып алды. Бірнеше кабинетті қиратып, тұрмыстық техниканы ұрлап, зақымдады. Наразы топтың жиһаздар мен терезелерді сындырғаны видеода көрініп тұр», - деп жазылған баспасөз парағында.

Айтып өтейік, қазіргі кезде облыс әкімдігі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Болжам бойынша шығын - 300 млн теңге.


Жоғары қарай