Ауа райы
Астана -28 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Ақтөбе-Қандыағаш» тасжолының құрылысы биыл басталады

2020 жылдың 3 желтоқсан 2020 04:21

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе-Атырау тасжолының ең негізгі бөлігінде биыл құрылыс жұмысы басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе-Атырау халықаралық трассасының «Ақтөбе-Қандыағаш» қалалары арасы қазір шұрық-тесік. Жол азабын тартқан жүргізушілер жиі шағым айтып, осы бағыттың күрделу жөндеу жұмысын ұзақ күтті.

«Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «ҚазАвтоЖол ҰК» Басқарма Төрағасы Ұлан Алиповпен кездесті. Жүздесу барысында республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Қандыағыш» тас жолын қайта салу жұмыстарына қатысты мәселелер талқыланды. Келісім бойынша желтоқсан айында дайындық шараларын толық аяқтап, келесі жылы нақты іске кіріседі. Аймақ басшысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашовқа ұлттық компанияға әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдауды сапалы ұйымдастыруды тапсырды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Құрылыс жұмыстарына 64 миллиард теңге бөлінеді. «Ақтөбе-Қандыағыш» тасжолы алдағы үш жылда толық аяқталады. Барлығы екі жаңа көпір салынып, 9-ы қайта жөнделеді.

«Барлығы 89 шақырымды құрайтын құрылыс жұмысына 3500 адам жұмылдырылады. Сонымен бірге 1800 техника жұмысқа тартылады. «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынатын жоба екіге бөлінген. Төрт жолақты жол құрылысының сапасы үнемі бақылауда болады», - деді «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов.


Жоғары қарай