Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтауда түнгі рейд кезінде 9 нысанның жасырын жұмыс істегені анықталды

2020 жылдың 25 шілде 2020 20:37

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда түнгі рейд кезінде 9 нысанның жасырын жұмыс істегені анықталды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Ақтау қалалық әкімдігі, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкері және жергілікті полиция өкілі, қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлескен топ қаладағы дәмхана, монша, букмекерлік кеңселерге мониторинг жүргізді.

Облыстық бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, дәмхана мейрамхана тек тұтынушыға жеткізу әдісімен ғана қызмет көрсетуге рұқсат делінген. Алайда, қалада кешкі сағат 21.00-ден кейін жасырын жұмыс істеп тұрған тамақтану орындары анықталды.

Атап айтсақ, 23-шағынауданда орналасқан кәуапханада (вагон) тұтынушылар бар екені белгілі болды. Даяшы қыз алғашында өзінің қызметкерлері екенін айтып ақталған. Заңға сәйкес, тиісті әкімшілік хаттама толтырылды.

Ал, 24-шағынауданда орналасқан «Loto» букмекерлік кеңсесінде адам толы болған. Келушілер үйлеріне асығар емес. Әкімшілік қызметкері қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Учаскелік полиция қызметкерлерін шақырғаннан кейін ғана жазбаша түрде түсініктеме алынды. Тиісті хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, 32Б-шағынаудандағы «HFly chicken», 11-шағынаудандағы «Кофе ривера» дәмханасы мен «Сәтті» букмекерлік кеңсесінің тыйым салынғанына қарамастан және «Романтик» гүл дүкені мен 32В-шағынаудандағы көлік жуу орны шектеулі уақыттан кейін жұмыс істеп тұрғаны белгілі болды.

Аталған нысан иелеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сәйкес, 30 бен 200 АЕК аралығында айыппұл салынбақ.


Жоғары қарай