Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Ақпарат министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа жағдайға бейімдемек

2020 жылдың 13 тамыз 2020 15:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақстандықтардың қазіргі заманғы сын-талаптарға төтеп бере алатын және жеке кәсіби қасиеттерін дамытатын іс-шаралар қолға алынады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда министрліктің алдында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа жағдайға бейімдейтін бірқатар міндет тұр. Оның негізгісі – бұл ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, қазақстандықтардың қазіргі заманғы сын-талаптарға төтеп бере алатын және жеке кәсіби қасиеттерін дамытатын іс-шаралар. Бұл ретте біздің қолымызда қазіргі таңда бірнеше арнайы жобаның нұсқалары бар. Мәселен, прагматикалық өмір салтын дәріптейтін, үнем қуаты ұмыт болған, бірақ, ізгілік және тәрбиелік құндылық тұрғысынан қазіргі заманда өзекті болып саналатын салт-сананы дәріптейтін «Дәстүр мен ғұрып«, елдің құқықтық мәдениетін ашатын «Құқықтық мәдениет», еңбекқорлық, масылдықтан бас тарту сияқты қасиеттерді дәріптейтін «Еңбек елдің мұраты« деген бастамалар бар», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, олардың қамтитын тақырыптық аясы атауынан әлдеқайда кең. Атап айтқанда, оған өскелең ұрпақтың мінез-құлқын қалыптастыру, салауатты өмір салты мәдениеті, эстетикалық талғамға баулу, яғни тамақтану мәдениетінен бастап музыка, әдебиет, театр сияқты терең дүниелерді қабылдау, азаматтардың өзңінің қарапайым құқықтарын қорғай білуі, кәсіп жасау сияқты қабілеттерін арттыру және басқалары кіреді.

«Мысалға алар болсақ, өткенде ел Презиндетінің көтерген үлкен бастамасы – қоғамның экологиялық сауатын ашу мен экомәдениетін көтеру мәселесі де кіреді. Немесе «Кітапсүйер ұлт« ұранымен жастарды, әсіресе, мектеп жасындағы балаларды кітап оқуға баулудың маңызы зор. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, кітап қашанда рухани кемелдіктің бірден-бір өлшемі болған, бола да бермек», - деді Болат Тілепов.


Жоғары қарай