Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақпарат кеңістігінің қара шаңырағы - ҚазАқпарат ардагерінің естелігі

2020 жылдың 15 тамыз 2020 09:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл 13 тамызда еліміздің ақпарат кеңістігінің алыбына айналған «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне 100 жыл толды. Осынау мерейлі мерейтой қарсаңында агенттіктің ардагері, қазақ телевидениесінің ардагері, журналист Амангелді Жақсыбековтің ҚазАқпарат жайлы ой-толғамын оқырман назарына ұсынамыз.

***

КазТАГ деген қара шаңыраққа мен 1991 жылы қаңтар айының басында келдім. Бұл елімізде қазақ тіліне ерекше мән беріліп, барлық іс қағаздар екі тілде жазыла бастаған кез болатын. Құжаттар алдымен орыс тілінде дайындалып, содан соң қазақшаға аударылатын. Республиканың Министрлер кеңесі, Жоғарғы кеңесінен бастап, барлық министрлер мен ведомстволар, шағын ұйымдарға дейін аудармашы кадрларына сусап отырған кез.

КазТАГ-тың бас редакторының орынбасары бастаған бір топ аудармашы жайлы орын іздеп, жоғарыда айтылған мекемелерге қызметке кеткен. Тәжірибелі аудармашылардан Болат пен Сүлеймен деген екі жігіт пен аудармашы мамандығын жаңадан игере бастаған Нұрлан деген жас қалыпты. Алғашқы екеуі - тісқаққан, қамшы салдырмайтын мамандар. Бір сөзбен айтқанда, ауызша аударманың майын ішкендер.

Компьютер басатын оператор қыз-келіншектер де көптен істейтін, жоғары білімдері болмаса да, аса сауатты басатын жандар еді. Өкен, Айжан, Айман және Сәнімкүл есімді бұл азаматтар аудармашының дауыс екпініне қарап, тыныс белгілерін өздері-ақ қойып отыратын.

КазТАГ-тың жұмысы бүгінгіден біршама өзгеше еді. Қазақ тіліне аударылған материалдар сол кезде кезекшілікте отырған бас редакторға немесе оның орынбасарына жіберіледі. Олардың түзетулерінен кейін шығарушы редакторлар оқиды. Егер ресми материалдар болса, оны екі адам салыстырып тексереді. Содан соң таратуға шығарады. Қазақстан Компартиясының съезі, пленумы, басқа да ресми шаралар өткенде жұмыс түнге дейін созылып, облыстық газеттер «жұмыс кестесінен шығып қалдық, баспахана бізге айыппұл салғалы жатыр, басуға қашан рұқсат бересіздер?» деп әлсін-әлсін телефон соғып жатады. Бұл кезде баяндамалардың орысша мәтінін Орталық комитет тағы да бір сүзгіден өткізіп бізге қайтарады: сол түзетулерді енгізген соң шығарушы редакторлар «...материалдағы мынандай абзац алынып тасталсын, мына абзац жаңа редакцияда берілсін» деген сияқты қаптаған түзетулерді, орфографиялық, грамматикалық түзетулерді салып, басуға рұқсат береді.

Бас редакторымыз Тілек Дәулетов деген азамат аударманың дәлме-дәл болғанын қалайды. Аудармашыларға соны үнемі ескертіп отырады. «Терминком бекітпеген сөздерді қолданбаңдар!» дейді. Аудармашы Болат бұрын шығарушы редактор болып істегендіктен, қалыптасқан дәстүр мен сара жолдан шықпаса, Сүлеймен ара-тұра сөйлемге қазақи реңк беріп жіберетін. Сондықтан да менің кезегім келгенде оған еркіндеу аударуға болатын материалдарды беретінмін. Кейіннен ол екеуі Қаржы министрлігіне қызметке ауысып, Сүлеймен Тоқсанбаев экономикалық терминдердің үлкен сөздігін құрастырды.

Осы қызметімдегі екі оқиғаны айтқым келеді. Біріншісі - Мәскеудегі тамыз бүлігіне қатысты. Тілек те, мен де қызметімізге жақын жерде тұрамыз. Ерте келіп, ТАСС материалдарын, өзіміздің тілшілердің жазғандарын сараптап, аудармашыларға бөліп береміз. Тамыздың 19-ы, дүйсенбі күні бірінші ауысымда менің кезегім болатын. Ғимараттың үшінші қабатындағы редакцияға көтеріліп келе жатып, Телетайп бюросының басшысы - орыс жігітіне қарсы жолықтым. Қолында бір бума қағаз, жүрісі суыт. «Не болып қалды?» - деген сұрағыма қолын бір сілтеп, екінші қабаттағы директордың бөлмесіне қарай кетті. Кешікпей маған келіп: «Мәскеуде төңкеріс болып жатыр, директор ЦК-ға кетті. Мен келмей, ол жақтан хабар бермеңдер!» деп кетті» деді. Редакциядағы барлығымыз операторлардың бөлмесіне жиналып, үрпейісіп қалдық. Радионың құлағын көтеріп, не хабар айтады екен деп тостық. Сағат тоғызда Мәскеу ақпарат хабарларын бастады. Біраз отырыстан соң жұмысымызға кірістік. Сағат он бірге қарай мені және орыс редакциясының бас редакторы - Кулагинді директорымыз Амангелді Ахметалимов шақырып, «Мәскеуде бір түсініксіз жағдай болып жатыр. Кеңейтілген ақпарат, әлдекімдердің пікірі сияқты материалдарды әзірге бермеңдер, тек қысқа ақпараттарды ғана таратыңдар», - деді.

Екінші оқиғаның аудармаға тікелей қатысы бар. Бірде аудармашылардың бөлмесіне кірсем, Болат «дұрыс келдіңіз, мына «вертолет» деген сөзді қалай аударамыз?» - деді. Қасында отырған Сүлеймен «түріктер самолетті - ұшақ дейді екен» деді. Сонда мен «онда вертолетті - тікұшақ деп алайық, бізден басқалар одан да дәл аудармасын тапса, қолдана жатар» дедім. Келесі күні «Егемен Қазақстанды» алып қарасақ, олар да тік ұшақ деген терминді қолданыпты. Жаңа термин тілімізге осылайша сіңісті болып кетті.

КазТАГ директорының орынбасары болып еңбек еткен, кейіннен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне редактор болған танымал журналист Нұрмақан Оразбеков туралы да айтқан орынды. Мәскеудегі тамыз бүлігі туралы ақпаратты «газетте баспаймын, бұл заңсыз әрекет деп» доқ көрсетіпті дейді. Оның бұл әрекетін біреулер «журналистік батылдық» десе, екіншілері «сол кездегі билікке көрсеткен наразылығы» деп бағалап жатты... Қалай болғанда да бұл оқиға журналистер қауымының ойын оятқаны анық.

Журналистер қоғам үшін, оның тірегі - халық үшін еңбек етеді. Болған оқиғаны дер кезінде боямасыз көпшілікке жеткізу - басты борыш. Ал оны қабылдау, қабылдамау - оқырманның өз еркі.

***

Амангелді Жақсыбеков 1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Сарысу ауданы, бұрынғы Байқадам селосы, қазіргі Саудакент ауылында туған. 1959 жылы ҚазМУ-дың филология факультетіне түскен. 1965 жылдан «Қазақ радиосында», Қазақ телевидениесінде редактор, аға редактор, комментатор болып еңбек еткен. 1982-1991 жылдары - «Спорт» республикалық газетінің редакторы. 1991-1993 жылдары - ҚазТАГ-та бас редактордың орынбасары. 1993-1997 жылдары - ҚР Жоғарғы төрелік сотында, Жоғарғы сотында бөлім бастығы-бас редактор болып қызмет атқарды. 1997-1998 жылдары - ҚазТАГ-та бөлім меңгерушісі, 1998-2000 жылдары ҚР Әділет министрлігінде бөлім бастығы, 2000-2012 жылдары «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-да аға редактор болды.

ҚР ІІМ-нің «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалімен және түрлі мемлекеттік ведомстволардың Құрмет грамоталарымен марапатталған.





Жоғары қарай