Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ақмоланың бас санитарлық дәрігері кәсіпкерлерді карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды

2022 жылдың 15 қаңтар 2022 13:03

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмоланың бас санитарлық дәрігері кәсіпкерлерді карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусинаның айтуынша, өңірдегі Ashyq бағдарламасының жұмысы қанағаттанарлықсыз. Өңірдегі «Ashyq»-тің 5000 қатысушысының 2400-ден астамы-аутсайдерлер.

«Құрметті кәсіпкерлер, қазір жағдай өте күрделі. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны төрт күннің ішінде 27-ден 290 жағдайға дейін күрт өскені байқалады және күн сайын олардың саны экспоненциалды түрде артуда. Белгілері мен таралу жылдамдығы бойынша бұл омикрон штамына тән, бірақ дельта мен британдық штамдар да параллель жүріп жатыр. ПТР-тест тапсырмай - ақ, тік жүріп ауыратындар көп. Сол себепті, коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында барлық кәсіпкерлер карантин талаптарын қатаң сақтап, келушілердің мәртебесін мұқият тексеруді қамтамасыз етуі тиіс», - деді А.Мусина.

Аймақтың бас мемлекеттік дәрігері атап өткендей, коронавирус инфекциясының таралуын тежеу үшін байланыстарды шектеу керек. Әр адам маска режимін сақтап, желдету, кварцтау, әлеуметтік қашықтықты сақтау, көпшілік жиналатын орындарға бармау, отбасылық іс-шаралар мен басқа да салтанаттарды өткізбеу, басқа қалалар мен жақын маңдағы елді мекендерге шұғыл себепсіз бармау сияқты карантин талаптарын сақтауы керек.

«Коронавирус инфекциясына қарсы екпе алмаған адамдарға вакцинациялау қажет. Бізде облыс бойынша бірінші компонентпен қамту бар болғаны 70 пайызды құрайды, бұл республикамен салыстырғанда 10 пайызға аз. Бірінші және екінші компонент арасында 6 пайыз үлкен алшақтық бар, көбісі екінші компонентті алмаған, демек оларда қажетті иммунитет жоқ», - деп толықтырды А.Мусина.

Еске сала кетейік, қаңтардың 14-нен бастап Ақмола облысы аумағында карантин шараларды күшейту туралы жаңа қаулысы шықты.


Жоғары қарай