Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақмолада жемқорлық жайлы хабарлағандар 1 млн теңгеден астам сыйақы алды

2020 жылдың 2 тамыз 2020 22:45

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолада жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұрғындарға 1,1 млн теңге көлемінде сыйақы берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті қылмыстық істерді тергеу нәтижесі бойынша тұрақты негізде оларды жасауға ықпал еткен мән-жайды жоюға және алдағы уақытта осындай фактілерді болдырмауға бағытталған шаралар қабылдап келеді.

Осы тұрғыда мемлекеттік органдар мен ұйымдарға Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабы негізінде сыбайлас жемқорлық себептері мен жағдайларын жою үшін ұсыну енгізіледі.

Биыл алғашқы жартыжылдықта облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі осындай 64 ұсыныс енгізді. Оларды қарау бойынша өткізілген кездесулерге 500-ден астам мемлекеттік қызметші мен түрлі ұйым қызметкерлері қатысты.

Қаралған ұсыныстардың нәтижесі бойынша 49 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның жетеуі жұмыстан босатылған. Жартысынан көбі сөгіс пен ескерту алды (35 адам), сондай-ақ 7 адамға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді. Бұл ретте жазаланғандар арасында 16 басшы болғанын айта кету қажет.

Сонымен қатар, биылғы алты айда сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 7 адам 1 161 520 теңге сомасына ынталандырылды. Бұл көрсеткіш - өткен жылдың 12 айының нәтижесіне тең және сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыруға азаматтардың үлкен белсенділігінің көрінісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттіктің 1424 Саll-орталығы тәулік бойы жұмыс істейтінін еске салады.


Жоғары қарай